Апта басында әлеуметтік желілерде ауданға қарасты Ескене елдімекенінде ғаламтордың нашарлығына байланысты мәселе қозғалған болатын. Ақпаратта байланыстың бәсеңдігінен оқушылардың шатырға шығып сабақ оқуға мәжбүр екені айтылған. Аталған мәселеге орай «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бақылау комиссиясының мүшелері Ескене стансасына табан тіреп, тұрғындармен тілдесті.
Жалпы Ескене елдімекенде тіркелген 50-ге жуық үй болса, соның 25-і ғана түтінін түтетіп отыр. Елдімекенді теміржол қақ бөліп тұрғандықтан, ауыл арғы және бергі бет деп екіге бөлінеді. Жалпы мұндағы 13 отбасының мектеп жасындағы 22 баласы С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының оқушылары. Тамыз айында аудан әкімі және мектеп басшылығы ауыл тұрғындарымен кездесіп, аталмыш мәселе жан-жақты талқыланған. Жергілікті билік аталмыш мектеп оқушыларды жылдағыдай қабылдауға дайын екенін жеткізгенімен, ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қарсылық танытқан.
«Жатақханаға дезинфекция жұмыстары толығымен жүргізіліп, іші тазартылды. Сондай-ақ, биыл қаражат бөлініп, төсек орынды жаңартқан болатынбыз. Дегенмен, халық бас тартып, балаларды үйден оқытамыз деп шешім қабылдады»,- дейді мектеп директоры Айбол Долдашев.
Ата-аналардың қарсылығынан кейін оқушылардың білім алуына кедергі болмауы үшін әкімшілік аталған елдімекенге интернет желісін жүргізу үшін бірқатар мекемелермен келіссөз жүргізген. Облыстық «Қазақтелеком» басшылығы ауылды интернет желісімен қамтуды «Beeline» немесе «Kcell» байланыс операторлары арқылы 20 тамызға дейін шешіп беруге уәде етіпті. Бірақ аталған байланыс операторларының қызмет көрсету жұмыстары қаражатқа тірелгендіктен, облыстық «Қазақтелеком» басшысы бұл мәселені шеше алмайтындығын айтып, бас тартқан.Дегенмен іс тоқтамай, туындаған мәселені шешу үшін аудан басшылығы облыстағы «Транстелеком» АҚ мекемесінің байланыс желісі арқылы өзекті мәселені шешу үшін мекеме басшылығына өтініш білдірілген. «Транстелеком» АҚ мекемесінің мамандары бүгінде Ескене елдімекенін теміржол торабының бергі бетіндегі 11 үйдің 9-на оптикалық желісі арқылы интернет желісі жүргізіп үлгерген. Жоғары жылдамдықты интернет сапалы талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы қосылған. Жалпы, бергі беттегі үйлер бір қатарда тұрғандықтан, ғаламтор тарту оңай болған екен. Ал, теміржолдың келесі бетіндегі үйлер жан-жақта орналасқандықтан, қиыншылықтар орын алған. Сондай-ақ, қажетті материалдардың болмауына байланысты бұл аймаққа интернет тарату жұмысы тұралап қалған. Дегенмен қазан айына дейін «Транстелеком» мекемесі бекеттегі үйлерді 100% интернетпен толық қамтуды жоспарлап отыр. Жалпы шудың басы осы теміржол торабының келесі бетінде орналасқан тұрғындардың түсінбеушілігінен туындап отыр. Ауылға интернет қондыру жұмыстары жүргізіле бастағанда техникалардың байланысу әсерінен бе, тұрғындардың ұялы телефондарындағы байланыс нашарлай түскен. Сол уақытта бірлі-жарым оқушы шатырға шығып, ұялы байланыс желісін көктен іздеуге тырысқан.
«Қазір балаларымыз сабақты үйде ватсаппен оқып жатыр. Мұғалімдер күнделікті бақылап, қадағалап отыр. Бергі беттен бастап ғаламтор желісі орнатылды. Қазір ата-аналар да, балалар да қуанышты. Енді, теміржолдың қарсы бетіне ғаламтор тарту жұмысы қолға алынып жатыр. Келісім бойынша 1-ші қазан күні ауыл толықтай ғаламтормен қамтылуы қажет. Сол үшін ауыл тұрғындарынан уақыт сұрап, біз түсіністік танытқан болатынбыз. Ал, туындап отырған бұл шу түсінбеушіліктен болды десем де болады. Ауылға ғаламтор жүргізіле бастағанда бір-біріне әсер етті ме, билайн ұстамай қалғаны бар. Сол уақытта байланыс болмай туындаған мәселе болса керек. Балаларды жатақханаға оқуға шақырғаны рас. Оның дайын екенін көзімізбен де көрдік. Тіпті балаларды апарып, алып келетін көлікке дейін дайындады. Ауданымыз барлық мүмкіндікті жасағасын, тіпті қалада оқып жатқан балаларымды Доссорға ауыстырып алдым. Дегенмен қазіргідей індет жайлап жатқан уақытта балалардың үйден білім алғаны қауіпсіз деп ойлаймыз. Балаларымыздың денсаулығы бәрінен қымбат»,- дейді ауыл тұрғыны Қалықыз Жакиева.
Ал, кенттің тағы бір Жеңісбек есімді тұрғыны мән-жайды айқын анықтамай, бүкіл елге ауыл атын шығарғандарға өкпелі екенін жеткізді.
«Осы хабар арқылы Ескенемізді жаман атты етіп шығарып жатыр. Бұны бүкіл ел көріп отыр. Бір, екі тұрғынның айтқаны, бүкіл ауыл тұрғынының мұңы болып есептелмейді ғой. Ақпарат толығымен зерттелмей таратылған. Ауылдағы жоғымыз жайлап келіп жатыр. Судан тапшылық көретін едік, демеушілердің көмегімен оны тартып берді. Одан кейінгісі осы интернеттің жоқтығы мәселе болды. Ол да қолға алынып, жұмыс жүріп жатқан-тұғын. Ал, осындай хабар барды жоқ қылып жіберді. Арғы бетті мамандар өлшеп жатыр, материал қалай келеді, солай қолға алынатын болады. Бәрі бірден бола кетпейді ғой»,- деді бекет тұрғыны Жеңісбек.
Теміржол торабының бір бетіндегі 14 үйдің отбасында мектеп жасындағы 19 бала бар. Ауылдың бұл бөлігіне кеңжолақты интернет желісін тартуды жеделдету қолға алынатынына сендірді жергілікті басшылық. Ауылда интернеттен бөлек шешілмеген түйін көп. Оның өзектісі: газ тарту мен жол салу мәселесі болып тұр. Бұл туралы ауыл тұрғындарының айтар өз базынасы бар.
«Осы жерде мекен еткеніме 50 жыл болды. Осы жылдан бері от жағып келеміз, газ жоқ. Жолды да көтергенімізге біршама уақыт болды. Осы көктемде жолды тегістеп берген болатын, енді жол салуға уәде беруде. Кешегі шілденің аптап ыстығында су болмай қалды. Бес литр ыдысымызды толтыру үшін тамшылатып екі сағат отырдық. Ыдыстарымызды толтырып түнгі 2-3-те ұйықтайтын болдық. Биыл егін еккен едік, су болмай, бәрі қурап қалды. Жылда қыста жүріп, көктем келгенде су тоқтап қалатын. Он шақты жыл болды осылай күн кешіп келе жатырғанымызға. Осы мәселе биыл шешіліп, жақында ауылға су тартылды»,-дейді тұрғын Роза Есқалиева.
Жол мәселесі бойынша аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев жобалық сметалық құжаттамасы дайын екендігін, қаражат бөлінгеннен соң келесі жылы Ескенеге жол төселетінін жеткізді. Қазіргі таңда С.Шарипов атындағы мектеп интернатынан білім алатын ауданға қарасты Ескене елдімекенінде 22 бала, Таскескенде 6 бала, N441 бекетте 2 бала бар. Ата-аналар тарапынан өтініш білдірген жағдайда толығымен Доссор кентіндегі өздері оқитын аталмыш мектеп-интернаты оқу процесін жүргізуге дайын. Мәселенің мән-жайына қаныққан партиялық бақылау комиссиясының мүшелері алдағы уақытта осы жайттың шешімі ыңғайланғанша басты назарда болатынын жеткізді. Ал, әлеуметтік желіге таралып кеткен әлгі бейнежазбадағы шатырға шыққан балалардың анасы Тазагүл есімді тұрғын бастапқыда келген тілшілерді әкімшілік қызметкерлерімен шатастырып алған. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» демекші, тілші атаулыдан тартынып қалған ана бізге сұхбат беруден бас тартты. Жанарына жас алған ол санаулы күнде балаларының әлеуметтік желіге аянышты күйінде таралғанына қапалы.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордан