Тойханамызды сауда орнына айналдырып, жалға беруден басқа амалымыз қалмады...

(0 Votes)

Әлекке салған аурумен әлем болып күресіп жатқан шақта, мемлекеттің қойған шектеулеріне шағым айта алмаймыз. Тіпті, шыбын жанымыз алқымға тірелгенде, "үкімет карантинін неге күшейтпей жатыр" деп дүрсе қоя бердік. Десек те, тойға есеп жасап, несиеге қарыз алғандардың қатарында асабалар ғана емес, тойхана иелері де бар.

Наурыз айынан бері қонақсыз қалған "Залина" мейрамханасының иелері бүгінде несиесін төлей алмай отырғанын жасырмайды. Джиеналиева Насихат апамыздың айтуынша олар "Даму" бағдарламасымен екі банктен бес жыл мерзімге несие алған екен. «Банктер тек, несиені төлеуді уақытша тоқтата тұруға ғана мүмкіндік берді. Бірақ, үстіндегі өсімі жүріп жатыр. Олар ештеңені ашық айтпайды. Қолымызда ешқандай график жоқ. Осының кесірінен қанша адам жұмыссыз қалды. Асаба, ыдыс жуушы, даяшы, бишілерімізді қоспағанда бұрын бізде 12 адам болған, кейін 7 адам, соңынан 4 қызметкер ғана қалды. Бүгінде амалдың жоқтығынан кіші залды саудагерлерге жалға бердім. Оның ақшасы екі несиені өтеуге жетпейді. Күнделікті тірлігіміздің есебін айырсақ та деп осындай қадамға барып отырмыз. Тіпті, киім сату нүктелеріне карантин енгізілсе олардың да ақысын ала алмаймыз. Біз қала емес ауылдық жердеміз ғой. Ғимаратты көп ешкім жалға ала бермейді. Елмен бірге көріп жатқан қиындық болса да мемлекет тарапынан қандай да бір қолдауды күткен едік. Үш айдай 42500 теңгеден алдық. Бұрын үлкен көлемдегі несие болғандықтан еш өсімсіз күндіз-түні бар күшімізді сала отырып еңбектенетін едік. Жоспарымыздың барлығы тоймен байланысқасын келешектен не күтерімізді де білмей абдырап отырған жайымыз бар»,- дейді тойхана иесі.

Шағын бөлігінде отыз адамға дейін қабылдап отырмыз...

"Залинаның" басындағы жағдай "Қазынадан" да қашық емес. Кенттің қақ төрінен орын алған тойханамыз есігін айқара ашқанда көркіне көбіміз көзімізді тойғыза алмай жаңа нысан бой көтерді деп қуанып қалған едік. Енді міне банктегі өсімі жүріп жатқан несиелеріне алаңдаған тойхана иелері тым болмаса 50-100 адамға дейін неге рұқсат бермейді деп налиды.

"Қалай болғанда да қыркүйектің жиырмасынан бастап несиені төлейміз. Әзірге кафе жағында 30 адамға дейін қабылдап отырмыз, оның өзіне жақында ғана рұқсат берді. Бәрінен бұрын жұмыссыз қалған қызметкерлеріміз үшін уайымдаймыз",- дейді Алтынай Қайнарбаева.

А.САДЫКОВ  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521