Ұлы Жеңіс-халқымыз үшін тарихта мәңгі қалатын күн. Біз үшін ең қасиетті де, қастерлі мереке. Жеңіс оңайлықпен келмеді. Ал, қазақ елінің бұл жеңіске қосқан үлесі орасан. Отанды зұлым жаудан қорғап, қан майданда ерлік көрсеткен ардагерлеріміз қаншама. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс - еліміздің бостандығы мен Тәуелсіздігі жолындағы тарихи жеңіс. Қазақстандықтар, оның ішінде жерлестеріміз қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сол күндердің даңқы ешқашан да өшпейді. Сұрапыл соғыс жылдарында Жеңісті жақындатуға үлес қосқан майдангердің бірі жерлесіміз - Мансарай Берниязов.
Мансарай жауынгер 1918 жылы Орал губерниясында дүниеге келген. Ата-анасынан жастайынан айырылыған ол үлкен қиындық көріп өседі. Жетімдер үйінде тәрбиеленеді. Ержеткен соң «мұнайшы операторы» мамандығы бойынша білім алып, зауытта қажырлы еңбек етеді. Кейін, 1939-1940 жылдары аралығында Кеңес Одағы мен Финляндия арасындағы соғыс басталып, 21 жасында от кешуге мәжбүр болады. Оның алғашқы майданға жорығы осы «Кеңес-фин» соғысынан басталады. Бұл майданнан аман-есен оралған жауынгер арада жыл өткенде Ұлы Отан соғысы басталып, елді қорғау жорығына шақырылады.
Екінші дүниежүзілік соғысында оған жүргізуші міндеті жүктеледі. Бұл соғыстың айтып жеткізуге болмайтын ауыр қасіретін Мансарай көзімен көріп, оқ пен оттың ортасында болды. Қырғын соғыста ол ауыр шайқастарды басынан өткізіп, Сталинградты қорғауға қатысады. Жиырма жасында қару асынып, ұрысқа кірген Мансарай небір от пен оқтың арасынан аман шығып, Кенисберг қаласын жау қолынан азат ету үшін болған шайқаста аяғынан ауыр жараланады. Біраз жыл госпитальда жатып, майданнан елге 1946 жылы мұнайлы Доссор өлкесіне оралады.
Бұл жерде Мансарайдың елдегі жалғыз туыс апасы мекен еткен-ді. Доссорға табан тірегеннен кейін ол Доссор мұнай кәсіпшілігінде мүнайды есептейтін техник болып қызметке орналасады. Елге оралғаннан кейін халықтың жадау тұрмысын көреді. «Көппен көрген ұлы той» деп жүргенде арада үш жыл өтіп, 1949 жылы осы жерде өмірлік серігі Еркешті кездестіріп, отау құрады. 20 жыл шаңырағының түтінін түзеу ұшырған Мансарай Берниязов 1969 жылы дүниеден озады. Жалындаған жастық шағын сыз жастанып, оқ пен оттың арасында өткізген Мансарай 4 бала сүйді. Олардан бүгінде 14 немере және 27 шөбере тараған. Ұрпағы әке жолын қуып, мұнай өндіру саласында қажырлы қызмет атқарды. Үлкен ұлы - Болат "Доссор жылу" мекемесінде басшылық қызметін атқарса, кейінгі ұлы – Марал жүргізуші болған. Қазіргі таңда екеуі де осы саланың зейнеткерлері. Кенже ұлы - Жүніс "Доссормұнайгаз" МГӨБ-да ауысымды инженер болып қызмет атқарады. Ал, қызы Гүлшат Атырау қаласында Ғ.Сланов атындағы кітапханада кызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Құдай қосқан қосағы Жексенғалиева Еркеш қазір 94 жаста. Ақжаулықты ана, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі.
Гвардия ефрейторы Мансарай Берниязов "Ерлігі үшін", "Сталинградты қорғағаны үшін", "Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін" және басқа да көптеген жауынгерлік медальдарымен бағаланып, марапатталған. Ұрпақтары жыл сайын - 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында батыр әкелерінің ерен еңбегін, жарқын бейнесін еске алып отырады. Ұрпақтан-ұрпаққа ата ерлігін жеткізу олардың басты парызы.
Отан үшін от кешкендер қашанда ел есінде белгілі. Тау да алыстаған сайын биік көрінеді. Ол күндердің көмескі тартқаны рас болғанымен, жеңіс құны арта беретіні анық. Сұрапыл соғысқа елімізден 1 миллион 200 мыңдай адам аттанған болатын. Отан үшін от кешкен майдангерлеріміздің көбі жат жерде жан тапсырғаны белгілі. Аман қалып елге орталған әскери тарландарымыз аз. Сол тағдырдың жазуымен елге аман жеткендердің арасында жерлесіміз Мансарай Берниязов та бар. Асқан табандылық пен ерліктің отанға деген сүйсіпеншілікті мәңгі жүрегенде сақтаған Мансарай ата сияқты ардагерлеріміздің ерлігі ұрпаққа қашанда үлгі. Тек бір өкініштісі, Жеңістің 75-ші көктемін қарсы алатын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады...
М.ІЗТҰРҒАНОВА