Жалпы бұл операцияның қысқаша мазмұнын білмек болып дереккөздерін ақтара кетсеңіз, алдыңыздан “қайнап жатқан қырық төрттің” 23 маусымынан 29 тамызына дейінгі аралықтағы Совет қарулы Күштерінің жүргізген аса ірі стратегиялық шабуылы шыға келеді.
Батыс Двинадан Припять өзеніне дейінгі (1000 км-ден астам) және Днепрден Висла мен Нарва өзендеріне дейінгі (600 км-ден астам) орасан зор территорияны қамтыған операция аумағы неміс басқыншыларының қорғаныс жүйесінде маңызы зор болды. Беларусь операциясының мақсаты жаудың «Орталық» армиясы тобын құртып, Белоруссияны азат ету болды.
Жаудың ең күшті тобы саналатын “Орталық” армиясын талқандауға жерлесіміз Бөкен Ақбержанов та қатысқан еді. Ол Беларусь майданы шебіндегі 66-шы зеңбірекшілер дивизиясының 193-ші полкі құрамында дұшпанға ойсырата соққы беріп, зеңбірегімен талай жауды техникасымен қоса жер жастандырған екен. Зеңбірегімен зұлымдардың зәре құтын ұшырған Бөкенге Днепр өзенінің бойындағы Орша қаласы азат етілген 1944 жылдың 24 маусымы күні жауынгер жолдастарымен бірге Жоғары бас қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хаты табыс етілді. Ал, Алғыс хатының екіншісі Борисов қаласын жаудан тазартудағы және Березина өзенінен өткендегі ерлігі үшін беріледі.
Күнтізбедегі уақыт 3 маусымға жеткенде таңғы 5-те Минскіні басып кірген Белорус майданының әскерлері кешкілік неміс-фашист басқыншыларынан қаланы толық тазартқан еді. Зеңбірек командирі, кіші сержант Б.Ақбержанов бұл жолы да ерлігімен көзге түсіпе бас қолбасшының үшінші Алғыс хатын иеленеді. Бөкен бастаған құрама бұдан әрі қарсыластарының қорғанысын бұзып-жарып, Неман өзенінен өтеді. Сондай-ақ Шығыс Пруссиның шекарасынан өтіпе жаудың көп жылғы плацдармын талқандапе Жоғары бас қолбасшыдан тиісінше төртінші және бесінші Алғыс хаттарымен марапатталады.
1943 жылдың қазанында әскерге аттанған Бөкен Жеңіс күнін Германия жерінде қарсы алады. Бұл жерде олардың дивизиясы 1946 жылдың күзіне дейін тұрақтап, өңіріне “Ерлігі үшін”, “1941-1945 ж.ж Германияны жеңгені үшін” медальдарын тағып оралады.Кейіннен Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік басқыншыларға қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін “III - дәрежелі Отан соғысы “ орденімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталады.
1987 жылы дүниеден өткен майдангер зайыбы марқұм Тәнеш апа екеуі он екі перзент сүйген екен. Бүгінде олардың сегізі өмірде өз ізін салған, мемлекеттік қызметтерде және басқа да салаларда еңбек етуде.
А.САДЫКОВ