Бүгін "Отбасы күніне" орай аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева ұлағатты отбасыларды қабылдады. Жиынға отауласқандарына 50 жыл толған Досқалиевтер және 40 жыл толған Жанайсовтар отбасы қатысты.
Қабылдауда аудан әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, ұрпақ ұлттық рухани құндылықтарды бойына ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесі арқылы сіңіретінін, бала тәрбиесі ұлт болашағының кепілі екенін айтты.
"Отбасы күні" мерекесі біздің қоғамда рухани байлық пен өнегені нығайтуға, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – барша халқымыздың табысты болашағының кепілі. Отбасы – қоғамның діңгегі, экономика, мәдениет, әлеуметтік саладағы барлық жетістіктердің негізі. Отбасының қалыптасуы қоғамның қалыптасуына тікелей әсер етеді, – деді О.Айкашева.
Басқосу соңында өнегелі отбасыларға аудан әкімі атынан арнайы алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстады. Ал, өнегелі отбасылар өздеріне көрсетілген сый-құрметке риза көңілмен тарқасты.
М.СЕРІКҚЫЗЫ
Суреттер автордан