Ауданда көпбалалы, жалғызбасты және әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды демеуге арналған «Іскер ана» жобасы өтті. «Таң» қолдау және даму қоры ұйымдастырған шараға аудандық ішкі саясат бөлімі және кәсіпкерлік палатасы қолдау танытты. Жобаның мақсаты аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған аналарды жаңа кәсіпке оқытып, өз ісін ашуға бағыттау болды.
Аталмыш шараға қатысқан отызға жуық анаға алдымен тренинг ұйымдастырылды. Онда отбасылық психолог Ғайни Сұлтанова және бизнес тренер Бибігүл Кәкімжанқызы қатысушыларға шеберлік сағатын өткізді. Мамандар кәсіпкерлік дағды, маркетинг пен бизнес негіздері, психология және әлеуметтік желілерде іс жүргізу бағыты бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жобаның екінші бөлімінде «Ғасыр» оқыту орталығының мамандары жұмыссыз аналарға тігін, шаштараз, аспаз секілді мамандықтардың қыр-сырын үйретті.
Нәтижесінде 9 ана тігін, 13 ана аспаз және 9 ана шаштараз мамандықтары бойынша білімдерін кеңейтті. Сондай-ақ, шара соңында қатысушыларға өз бағыттары бойынша сертификат табысталды. Енді олардың алдағы жұмыстарына деген мақсаттары айқын. Аналарды еңбекпен қамтуға, өз ісін дөңгелетуге көмек көрсетуге бағытталған жоба олардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордан