Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі, адам баласының алтын діңгегі. Әрбір некенің мызғымас берік болуы үшін ерлі-зайыптылар арасындағы ауызбіршіліктің алар орны ерекше. Татулықты ту етіп, шаңырақтағы ырыс пен ынтымақты еселеу жолында сіз-біз десіп, сыйластықта өмір сүріп келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – Доссор кентінің тұрғындары Жұмағалиевтар отбасы.
Отбасы күні қарсаңында Доссор мәдениет үйінің ұжымы «Бақытты отбасы» тақырыбы аясында мерейлі отбасымен кездесу кешін ұйымдастырды. Отбасының тірегі, асқар тау әке – Жасталап Жұмағалиев шараға ұл-қызын ерте келіп, өнегелі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, өмірдің ыстық-суығына бірге төзген жұбайымен, қуанышты күндер мен қиын сәттерде бір-біріне сүйеу болып өткізген шақтарды әсерлеп баяндап берді. «Отбасы іргесінің берік болуы ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен шыдамдылықта. Біреу айтқан қаңқу сөзге ермей, бір-біріне деген сенімділікті жоғалтпау шаңырақтың шаттығын еселей түседі»,- деген ол жұбайының бала тәрбиесімен айналысып, өзінің абыройлы еңбек етуіне айтарлықтай үлесін қосқанын жеткізді.
Жасталап Жұмағалиев аудан тұрғындарына әдемі әндерді орындаушы ретінде жақсы таныс. Сахна төрінде көрермендердің жүрегіне ескі әндерді тебірене жеткізетін ол мәдениет саласының үздігі марапатына да бөленіп үлгерген.
Сұхбат барысын әлеуметтік желі арқылы тамашалап отырған көрермендерге мұнайшы әке бала тәрбиесі төңірегінде ой қозғады. Бала тәрбиесінде ең маңыздысы – тәртіп пен сапалы білім бере білу деген ұстанымды ұстанған ол: «Баланың білім алғанын қатты қадағалаймын. Тәрбие тәртіптен басталады. Шүкір, ұлымыз ержетіп, қызымыз бойжетіп отыр. Қазір тек жетістіктерімен қуантуда»,- деп жылы шырай танытты.
Сұхбатты жүргізген Думан Құрмашев орайлы сәтте қызықты сұрақтарын жолдап, мардымды жауаптарын алды. Ал, Данияр Еримов шара қонақтарына көңілді ойын ұйымдастырып, кеш көркін қыздыра білді. Сондай-ақ, Жасталап Жұмағалиев репертуарындағы әсем әндерді шырқап, көрермен ықыласына бөленді.
Кездесу соңында мәдениет үйі ұжымы Жұмағалиевтар отбасына естелік сыйлық тарту етті.
Еліміздің күнтізбесінде айтулы мерекелер саны баршылық. Соның ішінде күнтізбе парағындағы қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы құндылығын бағалайтын жандарға аса құрметті. Бұл күннің мерейлі мереке екенін сезіндіретін осындай құтты шаңырақ иелері. «Әке сөзі оқ» демекші, оттай атылған сөздері әрбір баласына мирас болып қалады. Бүгінде апамыз екеуі жас күнінде жасаған еңбектерінің жемісін тең көруде.
Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды ұя. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы үйде қаланған. Шаңырақтың бақыты – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы.
Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана –
отбасының ұйытқысы, жылуы, алтын қазығы. Сондықтан, келешек ұрпаққа дәстүр сабақтастығындай отбасы құндылықтарын насихаттау - ауадай қажет дүние.
М.ІЗТҰРҒАНОВА