Бала асырап алу жөнінде біле жүріңіз!

(0 Votes)

Бала асырап алу 79-бап. Асырап алуға жол берілетін балалар

  1. Кәмелетке толмаған балаларға қатысты және солардың мүдделеріне сәйкес қана ұл асырап алуға немесе қыз асырап алуға жол беріледі.
  2. Туылған кезде медициналық ұйымдарда қалдырылған балалар, тастандылар, сондай-ақ тауып алынған балалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өңірлік есепке қойылған күнінен бастап бір ай өткен соң Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін.

      Балалар Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, балалардың туысы емес шетелдіктерге аталған балалар осы Кодекстің 112-бабының 3-тармағына сәйкес Орталықтандырылған дерек қорға осындай балалар туралы мәліметтер келіп түскен күннен үш ай өткеннен соң асырап алуға берілуі мүмкін.

  1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана шетелдіктерге асырап алуға, не балалардың туыстарына осы туыстарының азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан асырап алуға берілуі мүмкін.
  2. Шетелдіктердің бала асырап алуына балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында Қазақстанмен тең халықаралық міндеттері бар елдердің азаматтарына гана рұқсат етіледі.

80-бап. Асырап алуға үміткер адамдардың міндеттері

  1. Бала асырап алғысы келетін Қазақстан Республикасының азаматтары баланы жеке өзі таңдап алуға, онымен кемінде бір апта бойы тікелей жақын араласуға, баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға баланы асырап алғысы келетіні туралы жазбаша арыз, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын тексеру актісін, қаржылық әл-ауқаты, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы туралы, соттылығының жоқтығы туралы анықтама беруге міндетті.
  2. Бала асырап алғысы келетін шетелдіктер баланы жеке өзі таңдап алуға, онымен кемінде екі апта бойы тікелей жақын араласуға, қорғаншы және қамқоршы органға баланы асырап алғысы келетіні туралы жазбаша арыз, сондай-ак уәкілетті органда кейіннен аккредиттеумен заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу негізінде Қазақстан Республикасында осындай қызметті жүзеге асыратын агенттіктер беретін әлеуетті ата-аналардың қаржы жағынан эл-ауқаты, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы, жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы анықтама беруге міндетті.

      81-бап. Асырап алушының құқықтары мен міндет тері

  1. Баланы асырап алушы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығы, дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуы жөнінде қамқорлық етуге міндетті.
  2. Бала асырап алушы баланың пікірі мен қорғаншы және қамқоршы органдардың ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ осы Кодекстің 66-бабында көзделген талаптарды сақтаған кезде баланы тәрбиелеу тәсілін өз бетінше белгілеуге құқылы.
  3. Бала асырап алушы баланың пікірін ескере отырып, оның міндетті орта білім алғанға дейін білім беру мекемесін және баланы оқыту нысанын таңдауға құқығы бар және баланың міндетті түрде орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.
  4. Бала асырап алушы бала он сегіз жасқа жеткенге дейін кемінде жылына бір рет асырап алған баланың өмір сүруі, оқуы, тәрбиеленуі және денсаулық жағдайы туралы уәкілетті органға есеп беруге міндетті.
  5. Шетелдік бала асырап алушылар жыл сайын асырап алған бала сегіз жасқа толғанша Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі арқылы қорғаншы және қамқоршы органға асырап алған баланың өмір сүруі. оқуы, тәрбиеленуі және денсаулық жағдайы туралы есеп береді.

82-бап. Баланы асырап алу тәртібі

  1. Баланы асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) арызы бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізеді.

      Балаларды асырап алу туралы істерді сот қорғаншы және қамқоршы органдар өкілдері мен прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.

  1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, соның ішінде балалардың туысқандары болып табылатын адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларды асырап алуы туралы істер баланың тұратын жері бойынша аудандық және оған теңестірілген соттарда қаралады.

83-бап. Асырап алушылардың (алушының) құқықтары мен міндеттерінің туындайтын кезі

      Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері баланы асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды.

      Сот баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің көшірмесін шешім шығарған орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органға жіберуге міндетті.

      Бала асырап алу азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.

84-бап. Асырап алуға жататын балаларды және бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу

  1. Асырап алуға жататын балаларды есепке алу осы Кодекстің 12-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
  2. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
  3. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктерді есепке алуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері жүргізеді.

85-бап. Бірнеше бала асырап алу

  1. Бір адамның ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) болып табылатын немесе өзара туыстық қатынасы жоқ бірнеше баланы асырап алуына болады.

      Өзара туыстық қатынасы жоқ асырап алынған балалардың арасында ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) сияқты құқықтар мен міндеттер пайда болады.

  1. Асырап алу балалардың мүдделеріне сай келетін және балалар өзінің туыстығы туралы білмейтін жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген ағалы-інілер мен апалы-сіңлілерді (қарындастарын) әртүрлі адамдардың асырап алуына жол берілмейді.

86-бап. Бала асырап алуға құқығы бар адам дар

  1. Бала асырап алуға бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты тәндік, психикалық, рухани және адамгершілік дамуы, тәрбиеленуі және білім алуы үшін жағдайлар болған кезде рұқсат етіледі.

      Мыналарды:

      1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;

      2) сот біреуін әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған ерлі-зайыптыларды;

      3) сот арқылы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;

      4) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды;

      5) егер өз кінәлары бойынша сот шешімімен бала асырап алудың күші жойылса, бұрынғы бала асырап алушы адамдарды;

      6) денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады. Баланы асырап алуға, оны қорғаншылығына (қамқоршылығына) алуға, патронатқа алуға болмайтын адамның бойындағы ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      7) тұрғылықты тұратын жері жоқ адамдарды;

      8) дәстүрлі емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды;

      9) асырап алу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген соттылығы бар адамдарды;

      10) жағдайы қолайсыз (ауа-райы, экономикалық, эпидемиологиялық

      және одан әрі) елдер мен өңірлерде тұратын адамдарды;

      11) азаматтығы жоқ адамдарды;

      12) анасы қайтыс болған, ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайларда кемінде үш жыл баланы іс жүзінде тәрбиелеуді қоспағанда, тіркелген некеде тұрмайтын еркек жынысты адамды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады.

  1. Бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардың белгілі бір баланы бірлесіп асырап алуына болмайды.

87-бап. Бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың арасындағы жас айырмасы

  1. Некеде тұрмайтын асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуы тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
  2. Өгей әкесі (өгей шешесі) бала асырап алғанда, осы баптың 1-тармағында белгіленген жас айырмасы талап етілмейді.

88-бап. Бала асырап алуға ата-аналардың, қорғаншылар мен қамқоршылардың келісімі

  1. Егер олар ата-аналар құқықтарынан айырылмаса не шектелмесе мемлекеттік балалар мекемесінің асырауындағы емес баланы асырап алу үшін оның ата-аналарының келісімі қажет.

      Кәмелетке толмаған, жасы он алтыға жетпеген ата-аналардың баласын асырап алғанда, сондай-ақ олардың ата-аналарының немесе қорғаншыларының (қамқоршыларының), патронат тәрбиешілерінің келісімі, ал ата-апалары немесе қорғаншылары (қамқоршылары) болмаған немесе баланы туған кезде медициналық ұйымда қалдырған және оның өміріне уш айдан астам уақытта ешкім қызығушылық танытпаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келісімі қажет.

  1. Бала асырап алуға ата-аналардың келісімі нотариат куәландырған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын мекеменің басшысы растаған не бала асырап алу жүргізілген орындағы немесе ата- ананың тұрғылықты жеріндегі қорғаншы және қамқоршы орган бекіткен арызда көрсетілуге тиіс, сондай-ақ бала асырап алу ісін жүргізу кезінде сотта тікелей білдірілуі мүмкін.

      Бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылғанға дейін ата-аналар бала асырап алуға өздері берген келісімінің күшін жоюға құқылы.

  1. Ата-аналар нақты адамдарға не нақты адамды көрсетпей-ак баланы асырап алуына келісім беруі мүмкін. Қорғаншы және қамқоршы органдар сотқа баланы асырап алудың бала мүдделеріне сай келетіні туралы қорытынды береді. Мұндай қорытынды баланы оның өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған кезде талап етілмейді.
  2. Қорғаншылықта (қамқоршылықта) тұрған балаларды асырап алу үшін олардың қорғаншыларының (қамқоршыларының) жазбаша түрдегі келісімі қажет.
  3. Патронат туралы шарт бойынша тәрбиеленіп жатқан балаларды асырап алу үшін патронат тәрбиешілерінің жазбаша түрдегі келісімі қажет.
  4. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және тәрбие, медициналық ұйымдар мен басқа да мекемелердегі балаларды асырап алу үшін осы мекемелер басшыларының жазбаша нысандағы келісімі қажет.
  5. Сот баланың мүдделерін көздей отырып, оны асырап алу туралы осы баптың 1, 4, 5, 6-тармақтарында көрсетілген адамдардың келісімінсіз шешім шығаруға құқылы.

89-бап. Баланы ата-аналарының келісімінсіз асырап алу

      Егер ата-аналарын:

      1) сот белгісіз немесе өлген, хабар-ошарсыз кеткен деп таныған;

      2) сот әрекетке қабілетсіз деп таныған;

      3) сот ата-ана құқықтарынан айырған (осы Кодекстің 69-бабы 2-тармағының және 72-бабы 7-тармағының талаптары сақталған жағдайда);

      4) баламен бірге тұрмайтын және сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен асыраудан жалтарып жүрген;

      5) некеде тұрмайтын ананың медициналық ұйымда баладан бас тарту туралы заңнамада белгіленген тәртіппен ресімделген жазбаша өтініші болған жағдайларда олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді.

90-бап. Асырап алуға баланың келісімі

  1. Он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.
  2. Ата-аналарының не оларды алмастыратын адамдардың, қорғаншы және қамқоршы органның өкілі, прокурордың қатысуымен баланың асырап алынуға келісімін сот белгілейді.

91-бап. Бала асырап алуға ерлі-зайыптылардың біреуінің келісімі

  1. Егер баланы ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей асырап алмаса, баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде бала асырап алуға ерлі- зайыптылардың екіншісінің жазбаша келісімі талап етіледі.
  2. Егер ерлі-зайыптылар отбасылық қатынастарды іс жүзінде тоқтатып, бір жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса, бала асырап алу үшін екінші жұбайын келісімі талап етілмейді.

92-бап. Асырап алынған баланың аты, әкесінің аты және тегі

  1. Асырап алынған баланың өз аты, әкесінің аты және тегі сақталуы мүмкін.
  2. Бала асырап алушының өтініші бойынша, егер бұл баланың мүдделеріне қайшы келмейтін болса, асырап алынған балаға бала асырап алушының тегі, сондай-ак ол ұсынған ат беріледі. Асырап алынған баланың әкесінің аты болып, егер бала асырап алушы еркек болса, асырап алушының аты, ал егер асырап алушы әйел болса, асырап алынған баланың әкесі ретінде сол әйел ұсынған адамның аты танылады.

      Егер бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың тектері әртүрлі болса, бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың келісімдері бойынша, асырап алынған балаға олардың біреуінің тегі беріледі.

  1. Баланы некеде тұрмайтын адам асырап алған жағдайда, оның өтініші бойынша туу туралы жазбалар кітабына асырап алынған бала шешесінің (әкесінің) тегі, аты мен әкесінің аты осы адамның (бала асырап алушының) көрсетуі бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдарында асырап алуды мемлекеттік тіркеу кезінде жазылады. Асырап алушының қалауы бойынша әкесі (анасы) туралы мәліметтер көрсетілмейді.
  2. Бала асырап алудың құпиялылығы талап еткен жағдайларды қоспағанда, он жасқа жеткен асырап алынған баланың тегі, аты мен әкесінің аты тек сол баланың келісімімен ғана өзгертілуі мүмкін.
  3. Асырап алынған баланың тегі, аты және әкесінің аты өзгертілгені туралы оны асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.

93-бап. Асырап алынған баланың туған күні мен туған жерінің өзгертілуі

  1. Бала асырап алудың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін бала асырап алушының өтініші бойынша асырап алынған баланың туған күні. бірақ алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ак оның туған жері өзгертілуі мүмкін.

      Асырап алынған баланың туған күнін өзгертуге үш жасқа дейінгі бала асырап алынған кезде ғана жол беріледі.

      Асырап алынған баланың туған жерін өзгертуге баланың жасына қарамастан, асырап алушының қалауы бойынша жол беріледі.

  1. Асырап алынған баланың туған күнінің және (немесе) туған жерінің өзгертілуі жөнінде бала асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.

94-бап. Бала асырап алғандарды асырауға алынған баланың ата-анасы ретінде жазу

  1. Бала асырап алушылардың өтініші бойынша сот туу туралы жазбалар кітабына бала асырап алушыларды өздері асырап алған баланың ата-анасы ретінде жазу туралы шешім қабылдай алады.
  2. Мұндай жазба жүргізу қажеттігі жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде міндетті түрде көрсетіледі.

95-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары

  1. Асырап алынған балалар және олардың ұрпақтары бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар және олардың туыстары асырап алынған балалар мен олардың ұрпақтарына қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер жағынан тегі бір туыстарға теңестіріледі.
  2. Асырап алынған балалар өздерінің ата-аналарына (өздерінің туыстарына) қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарынан айрылады және олар жөніндегі міндеттерден босатылады.
  3. Баланы бір адам асырап алған жағдайда, егер бала асырап алушы еркек болса, шешесінің тілегі бойынша, егер бала асырап алушы әйел болса, әкесінің тілегі бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттердің сақталуы мүмкін.
  4. Асырап алынған баланың меншігіндегі мүліктің сақталуы үшін бала асырап алушы жауапты болады. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда бұл мүлікті қайтару жөніндегі міндет те бала асырап алушыға жүктеледі.
  5. Асырап алынған баланың ата-анасының біреуімен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастары сақталуы жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
  6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың, осы баланың туу туралы акт жазбасындағы бала асырап алушылардың ата-анасы ретінде жазылуына қарамастан, құқықтық салдары пайда болады.

96-бап. Асырап алынған баланың зейнетақы мен жәрдемақы алу құқығының сақталуы

      Асырап алынар кезінде ата-анасының қайтыс болуына байланысты өзіне тиесілі зейнетақы мен жәрдемақы алуға құқығы бар бала бұл құқықты асырап алынған жағдайда да сақтап қалады.

97-бап. Бала асырап алудың құпиялылығы

  1. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады. Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгеше түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті.
  2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркіне қарамай жария еткен адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.

Бала асырап алу туралы арызды бала асырап алуға тілек білдірген азаматтар баланың тұрғылықты (тұратын) жеріндегі сотқа соттылық қағидалары бойынша береді.

      Бала асырап алу туралы істер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қарауына жатады (Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27-бабының үшінші бөлігі – бұдан әрі – АПК).

      Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетел азаматтары, оның ішінде олар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайларда да бала асырап алу туралы арызды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа береді.

        Баланы заңсыз алу және бала сату орын алған жағдай қылмыстық жауапкершілік көзделген.  ҚР Қылмыстық кодексінде 135-137 бабтарында екі жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

       Бала асырап алам деуші үміткерлер болған жағдай Мақат аудандық білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршы орган өкілі Гиниятова Құндыз Жайбергенқызына хабарласуға болады. Жұмыс телефон 8712393-23-91, 87025133974

Қ.Гиниятова,

Атырау облыстық білім беру басқармасының

Мақат аудандық білім бөлімінің бас маманы,

қорғаншы және қамқоршы орган

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT