Биыл — Жұмысшы мамандықтар жылы! Ел экономикасының негізі – қарапайым еңбек, маңдай термен келген жетістік. Аталған мамандық иелерінің абыройын көтеру, ынталандыру, мамандықтарды насихаттау мақсатында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде, ағымдағы жылдың өз ісінің шебері, кәсібіне адал жандар арасында білім мен тапқырлықты сынайтын «Ғажайып алаң» қызықты ойыны өтті.
Ойын шарты түсіндірілген соң қатысушылар ортаға шақырылды. Алғашқы үштік құрамында — аудандық музейдің зал қараушысы Назгүл Шатанова, М.Әуезов жалпы орта мектебінің күзетшісі Ниғметолла Қалиев, «Бақтылы нан» нан-тағам комбинатының аспазшысы Жанаргүл Карсакова болды. Екінші үштікте Ғапура Самиғоллақызы – «Дария» сауда үйінің сатушысы, Жарқын (Муса) Қосаев – «Су арнасы» мекемесінің ардагер тракторшысы, Ғайнелхаят Жамбылқызы – Құрманғазы аудандық ауруханасының ота жасау бөлімінің тазалықшысы бақ сынады.
Соңғы үштікте Эльвира Саурбаева – «Құрманғазы» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің техникалық қызметкері, Расул Имаков – ерлер шаштаразы, барбершоп-стилист, Арайлым Нұртаева – аудандық аурухананың емдеу бөлімінің медбикесі ойнады. Барлық үштікке ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табысталды. Ақтық мәреге топ жарып Назгүл Шатанова, Жарқын (Муса) Қосаев, Арайлым Нұртаева өтіп, аудандық аурухананың емдеу бөлімінің медбикесі ойын жеңімпазы атанды. Арайлым Нұртаева «супер ойынды» ойнауға келісіп, бағалы сыйлығын жеңіп алды.