Түркістан төрінде алғаш рет өткен ҚР Ұлттық ұланының спорттық және жауынгерлік самбодан біріншілігі өз мәресіне жетті. Ерекше тартысты өткен додада «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері өзгелерден оқ бойы озық шығып, жалпыкомандалық есепте топ жарды.
Жарыс Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтті. Шараның ашылу салтанаты қызмет бабында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Құрметті меймандар қатарында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Сапар, Түркістан гарнизонының бастығы Талғат Мажимбеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбдісадық Халилаев және басқа да ардақты азаматтар болды.
Біріншілікке Ұлттық ұлан құрамындағы жеті өңірлік командадан 70-ке жуық спортшы қатысып, 10 салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Шеберлік пен табандылықтың нағыз үлгісін көрсеткен балуандар арасынан ел біріншілігі мен халықаралық ареналарда топ жарған тәжірибелі спортшылар да табылды.
Жарыс үш күнге созылып, ақтық сын 16 шілде күні өтті. Қорытындысында, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы 6 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленіп, лайықты түрде чемпион атанды. Бұл – олардың жанқияр еңбегі мен тынымсыз дайындықтарының жемісі.
Ендігі кезекте жекелей салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен спортшылар шілде айының соңында өтетін Ішкі істер министрінің кубогінде Ұлттық ұланның намысын қорғайтын болады.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі