С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ветеринария қызметкерлері күніне орай «Адал еңбекпен – елге қызмет» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл күн жануарлардың денсаулығы мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринарлық мамандардың еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.
Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасының ветеринария қызметi мал дәрігерлігі және тамақ өнiмдерi саласындағы тиiмдiлiк пен қауiпсiздiктi арттыруға бағытталған елеулi өзгерiстерден өттi. 2011 жылы құрылған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті осы саладағы қызметті реттейтін және бақылайтын негізгі органға айналды.
Қазақстанның ветеринариялық қызметі ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен, өңірлік және аудандық инспекциялардан, республикалық эпизоотияға қарсы жасақтан, республикалық ветеринариялық зертханадан, ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтан, сондай-ақ облыстық ветеринария басқармаларынан, ветеринариялық станциялар мен пункттерден тұратын жергілікті атқарушы органдарды біріктіреді.
Шарада алдымен ауданда еселі еңбек етіп келетін ветеринар мамандардың жұмыс барысынан бейнеролик көрсетіліп, аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау тілегін арнады. Өзінің алғыс хатымен ауылдық округтердің мал дәрігерлерін ұлығылады. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық инспекция басшысының орынбасары Нұркен Бояров ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіподақтарының салалық наградасы «Ветеринарияның құрметті қызметкері» төсбелгісімен Дыңғызыл, Еңбекші, Бірлік, Азғыр ауылдық округтерінің ветпункт меңгерушілері мен мамандары Әмірхан Сарбалин, Нұрғизат Оразов, Самат Аманғалиев, Самиғулла Шайхишевті марапаттады. «Құрметті ардагер» төсбелгісін Асқар Аманғалиев, Абат Ажхатов, Абдраши Аязовтың өңірлеріне қадады. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясының алғыс хатын сала үздіктеріне ұсынды.
Аудандық ветеринария стансасы басшысы Жеткеншек Ажғалиев ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіподақтарының салалық наградасы – ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін Нұржау, Мақаш ауылдық округтерінің ветпункт мамандары Жүсіп Апалитов, Аманбек Төлегеновке, І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін Құрманғазы, Орлы, Еңбекші ауылдық округтерінің ветпункт мамандары Өсербек Кербалахов, Қазымбай Дюсенов, Имамұрат Құспановқа ұсынды. «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін Мақаш ауылдық округі ветпункт меңгерушісі Меңдіхан Кабуовқа табыстады. Мекеменің алғыс хатын жемісті еңбек етіп келетін сала мамандарына тапсырды.
Мерекелік шарада аудандық мәдениет үйі ұжымы концерттік бағдарламасын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айнагүл ШАКУПОВА
Құрманғазы ауданы