Құрманғазы ауданында "2019 -Жастар жылы" аясында Жастар ресурстық орталықтары, жастар ұйымдарының өкілдері арасында дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан кіші аяқ добы, волейбол және үстел теннисі спорт түрлері бойынша облыстық спартакиада өтті.
Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың бұқаралылығын арттыруды мақсат еткен спартакиадаға Атырау қаласынан, сондай-ақ, Құрманғазы, Қызылқоға, Махамбет, Индер Исатай, Мақат ауданынан 7 команда қатысты. Жастар жылына орай ұйымдастырылған шарада доссорлық әнші Данияр Еримов әуезді әнін шырқаса, спортшы жастар аянып қалмады.
Кіші аяқ добынан команда сапын түзеген Каримов Ақылбек, Қосекен Алтынбек, Айтжанов Ислам, Бейбітұлы Еркебұлан, Құттыбай Азат, Қосекен Бақытбек, Теңдібай Ануар ойын нәтижесінде 1-орын иеленіп, аудан мерейін асырды.
Ал, волейболшылар Абзал Қапсәлиов, Ербол Құбайдоллаев, Сайфолла Сағидолла, Құрманбек Жандарбеков, Әсел Қаржауова, Алтынгүл Есенаманова, Мейрамгүл Жұмағалиева ауданға жүлделі 3-орын алып қайтты.
Үстел теннисіне қатысқан Ғазиз Асыланбек пен Есимова Жадыра аудан жастарының команда қоржынына жүлделі үшінші орынды қанжығалады.
Жан-жақтан жиналған командалар арасында қызықты әрі тартысты ойын болды. Үздіктерді анықтау барысында "Үздік волейболшы" атауымен Әсел Қаржауова марапатталды. Аудан спортшыларының жеңісі – аудан жеңісі. Жастардың жеңісі. Салауатты өмірді салтына айналдырған жастарымыз көп болғай!
ӨЗ ТІЛШІМІЗ