Аудан жастарының бастамасымен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған кіші аяқ добынан жарыс ұйымдастыру арқылы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде сауапты істің үлгісін танытты.
Екі күнге жоспарланған жарысқа 16 команда құрамында 112 ойыншыны қамтыды.
Жартылай финалда көрермен ықыласына бөленген «Мешіт» командасы «Ермек» командасымен 5/5 ұпаймен тең түсіп, жеңімпазды пенальти арқылы анықтады. Ақтық мәреге «Мешіт» командасы өтті. Ал 2-ші жартылай мәреде «Жігер-Құлсары» және «Мақат Бжсм» командасы кездесті. Қорытынды есеп бойынша 3/0 көрсеткішпен «Жігер –Құлсары» командасының мерейі үстем болды.
Жарыстың ақтық мәресінде «Жігер –Құлсары» мен «Мешіт» командалары бақ сынап, 4/2 ұпаймен «Жігер-Құлсары» командасы қайырымдылық турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші жүлдені «Мешіт» командасы еншілесе, үшінші жүлде «Мақат БЖСМ» командасына лайықталды.
Жарыста «Үздік қақпашы» номинациясына П.Құлмұқанов, «Үздік қорғаушы» - А.Капсалимов, «Үздік шабуылшы» М.Кереев, «Үздік ойыншы» номинациясы Е.Раxмановқа берілсе, белсенділік танытқан көрші Жылыой ауданының Құлсары қаласынан «Жігер» командасы да болды.
Жастар жарыстың бірінші күні жәрмеңке ұйымдастырып, келушілерге түрлі бәліштер, сусындар сатып, тегін шәй ұсынды.
Жәрмеңкеден жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалды.
Қайырымдылық жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, сауапты істің жанынан табылған Мақат БЖСМ директоры Н.Төлегенов, Мырза студио жетекшісі А.Өтегенов, Жастар ресурстық орталығының басшысы Ә.Шайзадақызы, бас имам Д.Құттыбаев сынды азаматтардың еңбегі зор.
Н.ЛЕНА.