Дүйсенбі күні Мақат балалар жасөспірімдер спорт мектебінде аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Отбасым - байлығым" жобасын жүзеге асыру аясында "Толағай" сайысы өтті.
Алты кезеңнен тұратын жарыс жолына ауданнан бес жанұя қатынасып, өз ара күш сынасты. Сайысшылар алдымен өз-өздерін таныстырып, ұстанымдарын ұрандатты. Әрі қарай "Құлатпай өт" кезеңінде ата-аналар айқасқан қолдарына баланы отырғызып, кедергілер арасымен құлатпай алып өтті.
Бойларын қыздырып алған жарыс жолындағылар үшінші кезеңде қапшықпен секіріп жарысып, кезекті ұпайларына қол жеткізді. Ендігі кезекте ептілігі күшті жанұяның жұлдызы оңынан туар сәт келді.
Аяқтары бір-біріне байланған сайысшылар кедергілер арқылы жүріп өтіп, мәреге жеткенше кейбір қатысушылар құлап та үлгерді. "Мергендер сайысында" топ ішіндегі ең кішкентай қатысушылар арнайы қойылған шелектерге ұсақ шарларды көздесе, жарыс жолындағылар ақтық айқаста білек күшімен сынасып арқан тартысты.
Қызыққа толы кезеңдердің қортындысы бойынша бас жүлдені Құбайдоллаевтар отбасы иеленсе, бірінші орынға Сәбитовтер отбасы жайғасты. Сайыстың "күміс жүлдесімен" Руслановтар отбасы марапатталып, үздік үштікті Ташевтар мен Ахметқалиевтар отбасы түйіндеді.
Жеңімпаздар арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болып, көңілді тарқасты. Бұл - сайыс, бастысы - қол ұстасып қадам басқан өмірдің кедергілерінен сүрінбеңіздер!
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі