Қашан да көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүретін аудандық мәдениет үйінің бір топ қызметкерлері, жаңа жыл қарсаңында да әдетінен жаңылмай жылы жүздерімен жұмыла жолға шығып, түрлі кейіпкерлердің образына еніп балаларды қуантуға аудандық орталық аурухананы бетке алды.
Оларды өнерлерімен әзірленіп отырған «Күндізгі жартылай стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесіндегі» бір топ бөбектер қуана қарсы алды.
Аяз атаның дорба толы сыйлығын ортайтуы үшін бірі тақпақ айтса, бірі ортаға шығып әдемі би биледі. «Берсең балаға бер» дегенді ұран еткен мәдениет үйінің қызметкерлері мен кәсіподақтағылар қолында барымен бөлісіп, әрі қарай ауруханада жатқан балғындарға аттанды.
Әр түрлі кейіпкерлер мен ауруханада абыр-дабыр болып келе жатқан бұл ұжымға жолай кездескен балақайлар да сыйлықтан құр қалмады.
Төрт қабырғаға телміріп, іштері жарылардай боп жатқан бүлдіршіндер, аяз ата мен ақшақар бастаған кейіпкерлерді көргенде бір сәтте сырқатынан айығып кетті. Аналары да естелік суретке түсіп мәз-майрам. Балаларға бірер тәтті әпергенге бұлардың да ризығы ортайып қалмайды, ата-аналары да сыйлыққа мұқтаж емес.
Баланың көңіліне басты назар аударған мәдениет үйінен келгендерге, ата-аналар да тәрбиешілер де зор алғысын білдірді.
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі