Қыркүйек айының 26-сы мен қараша айының 1-і аралығында футболсүйер қауымның тамашалауымен Мақат футбол лигасының VI-шы ашық біріншілігі өтті.
Байрақты бәсекеге 8 команда қатысты. Биылғы доданың ерекшелігі, спорт мектебінің 12-14 жас аралығындағы футболшылардың ағаларымен бірге сынға түсуінде болды.
Чемпионат қорытындысы бойынша «Локомотив» командасы 3-ші орынды еншілесе, күміс жүлде «Доссор» командасына бұйырды. Ал қарсылас шақ келтірмеген «Азамат» командасының жігіттері 1-ші орынды қанжығасына байлады.
«Үздік жас ойыншы» атағын Сауран Сағытжанов иеленсе, «Үздік қақпашы» номинациясына Ғалымжан Нарыбаев лайық болып танылды.
«Үздік шабуылшының» арнайы жүлдесі Абат Беріковке табысталып, барлық футболшылар арасынан «Үздік ойыншы» қатарында Ақылбек Каримов дараланды. Сонымен қатар қарсыластар қақпасында ең көп доп тулатқан Сұлтан Сәрсенов «Үздік сұрмерген» атанды.
Біріншілікпен қатар ойнатылған Мақат кубогының финалында «Бахтияр» және «Локомотив» командалары арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталып, пенальтидің нәтижесімен «Локомотив» командасы Мақат футбол лигасы VI-шы ашық біріншілігінің Кубогын иемденді. Дәстүрлі дода алдағы жылдары да өз жалғасын таба бермек.
А.ЕСЖАН