«Хат тасушыны» тамашалады

(0 Votes)

Доссор мәдениет үйіне Атырау жастар театры кезекті премьерасымен келді. Бұл жолы жас әртістер Жұмекен Нәжімеденовтің әңгімесі желісі бойынша инсценировкасын жасаған Бақытгүл Бабаштың  «Хат тасушы» драмасын сахналады. Қойылымның режиссері Мұқанғали Томанов болса, қоюшы суретшісі Темірбек Мұхтаров. 

Кеште жауһар өнерге шөлдеген халықтың қарасы қалың болды. Сахна шымылдығы ашылып, сұм соғыстың қайнап тұрған кезі бейнеленді. Ауылдың үлкендері мен жастары колхоз жұмысына тартылған. Бұл жұмыстан тек басқарманың баласы Темірхат қана босатылып, оған соғыстан жеткен хаттарды тасу міндеті жүктелген.

sahna-1

sahna-2

sahna-4

Басында жеңіл көрінген жұмыс болғанымен, майданнан толастамай жеткен қаралы хабарлар, оның иығына ілген сөмкесін ауырлатып жіберді. Ылғи да жаман хабар жеткізетін хат тасушының ел ішінде біртіндеп қадірі кете бастайды. Ауыл балалары да онымен бірге ойнауды қойып, артынан «қара хабаршы» деп қарғыс айтумен болады. Тіпті, барлығы жабылып ұрған кездері де сахнада сомдалып, көпшіліктің көзіне жас үйірді. Барша жұртқа жеккөрінішті болған ол сөмкесіндегі хаттарды шашып жылап, «бұған менің еш кінәм жоқ» десе де, ешқайсысының жүрегі жібімей-ақ қойды. Әрі, суға кеткен ауылдасын құтқарып батылдық танытса да, бір жақпайды.

sahna-5

sahna-7

Өздерінен шеттететін ауыл балалары мен осындай қиналысқа түсуі оны әбден қажытады. Қойылым Темірхаттың майдандағы ағасы Әбілхаттың қаза болған қаралы қағазын оқығаннан кейін өз еркімен ауыл сыртындағы өзенге батып кетуімен аяқталады. Оның бала жүрегі мұндай хабарды әке-шешесіне жеткізуге дауаламаса керек. Сахнада сомдалған оқиға сонау соғыс уақытындағы балалар бейнесімен бірге жүрген Жұмекеннің сөздерімен, толғаныстарымен, Темірхатты қолдауымен баяндалып отырады. Бұл көрініс аталмыш қойылымның ең бір ұтымды тұсы деуге де болады.

img_0947

Қойылымды тамашалауға жиналғандардың дені жастар мен жоғары сынып оқушылары болды. Дегенмен көздеріне еріксіз жас алған олар бүгінгі алаңсыз бейбіт күннің қандай қиыншылықпен келгенін қойылым арқылы сезінгендей.

Қойылым соңында үздіксіз соғылған қошемет драманың жылы қабылданғанын аңғартып бергендей болды. Қасиетті өнердің қадірін ұғынған көрермен бір серпіліп қалды.      

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT