Мақат ауданының 95 жылдығына және жастар жылына орай аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының арасында КТА ойындары өтті. Жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамытып, бос уақыттарын тиімді пайдалану және бір-бірімен достық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен шараға аудан мектептерінен жеті команда қатысты.
Көңілді балғындардың басын бір арнаға тоғыстырған сайыс үш кезеңмен өрбіді. Жиналған көпшіліктің көңілдерін көтере отырып, әзіл-қалжыңмен қағытқан сайыста А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің "Абай" құрамасы көпке ерекше танылды.
Аудандағы жанар-жағармайдың тапшылығын арқау еткен әзілдерінде зіл де бар еді.
Л.Шахатов атындағы орта мектебінің "Көзайымы" қазылармен әзілін жарастыра білсе, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің "Қанатбаев" тобы еркіндік самалын естіргендей болды. Аудан мерейін өсірген 95 жылдық тойдың қызығы мен Доссордың муай тайшыларын мақтан етті. "Санбаев" құрамасы сәлемдесуінде қаршадай Адинаның командасын жанын сала сүйрегеніне сүйсінді. Әпкелерінің артынан еріп келе жатқан өнерлі бүлдіршінді С.Шарипов атындағы мектеп-интернатынан келген "Интернат" құрамасынан да байқадық. Тәп тәтті тілімен тақылдап тұрып интернат өмірінің қызықты күндерінен сыр шерткен балақайға ел еріксіз езу тартты. Теміржолдың арғы бетінен келген "Бәйгетөбе жастары" күнделікті тұрмыстағы күлкілі жағдайлар мен Мақат вокзалын әзіліне арқау етіп үлгерді.
Ауыл, мектеп, білім, денсаулық, мәдениет және т.б салалар бойынша соңғы жаңалықтарды әзілмен жеткізген екінші кезеңде де ойыншылар аудандық перзентхананы қалжыңмен қағыта отырып, бұрынғы "қотыр" жолдың әлегін бір еске алды.
Үшінші ширату кезеңінің тақырыбы Мақат ауданының 95 жылдығына арналды. Бұл кезеңде ойыншылардың табан асты тапқырлығы сынға түсіп, жауыр болған жанар май бекетінің жыры тағы бір талқыға түсті. Қазылар қорытындысын шығарғанша, Атырау қаласынан келген "Бәсеке" құрамасы өнер көрсетіп, биші қыздарымыз мың бұрала билеп, кеш көрігін келтірді. Фариза Оңғарсынованың өлеңі оқылып, өнерпаз ойыншылар әннен шашу шашты.
Тартысқа толы ойынның қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды "Қанатбаев" құрамасы иеленсе, екінші орынды Доссордан келген "Интернат" тобы қанжығасына байлады. Былтырғы ойынмен салыстырғанда бірнеше қадам алға жылжыған бүгінгі ойынның бірінші орынын "Бәйгетөбе жастары" алса, байрақты бас жүлдені Л.Шахатов атындағы орта мектебінің намысын қорғаған "Көзайым" командасы иеленді. Ал көрерменнің көзайымы атанып, ерекше сахна мәдениетін сақтаған "Интернат" құрамасының жас ойыншысы Мейрам Ернар кештің "Үздік ойыншысы" атанды.
А.Садыков
Cуреттер автордікі