20-25 ақпан аралығында Алматы қаласында спартакиада ойындары өткен болатын. Аталмыш дода республикадағы барлық аймақты қамтып, 37 спорт түрі бойынша өтті. Соның ішінде, биыл алғаш рет 4 жылда бір келетін спартакиада ойындарына муайтай спорт түрі қосылды.
21-24 ақпан аралығында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден аса муайтайшы, 13 салмақ дәрежесі бойынша ринг төрінде кездесті.
Олардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, аудан мақтанышы Еламан Саясатов бар. Жарыстың алғашқы күнінде 54 келі салмақта Еламан қызылордалық Гажден Ерсұлтанды ұтып, жартылай финалға жолдама алған болатын. Кезекті жекпе-жегінде Алматы облысының спортшысы Еркебұлан Жақсылықты жеңіп, ақтық сайысқа өтті. Кейін, ақтық бәсекеде Еламан қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп, үздік атанды. Осылайша қарсыласты шақ келтірмей, Еламан Саясатов V Республикалық жазғы спартакиада ойындарының жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, Атырау облысы құрама қомандасы муайтайдан жазғы сапартакиада ойындарында 1 алтын және 4 қола жүлдеге ие болды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА.