Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімдігі, Бәйгетөбе ауылдық кітапханасы және Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені бірігіп, кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ауғанстан мәңгі есімізде» атты кеш ұйымдастырды.
Кешке ауған соғысы ардагерлері қатысты. Олар жас ұрпаққа ауған соғысының қасіретін, бастарынан кешкен қиын сәттерді әңгімеледі.
Естелік әңгімелері сәтінде көңілдері босап, сол сәттері оралмай кеткеніне тәуелсіз елдің ашық аспаны мен бейбіт өмірге разылық көңілдерін білдірді.
Тағабергенов Кенжебай, Искаков Оңғарбай, Жанаманов Түгелбай сынды бауырларымыз Ауған жерінде опат болғандарды еске алды.
Мектеп ұжымы, бөбекжай бөбектері би билеп, өлең айтып, ардагерлерді бір көтеріп тастады.
Кеште Отан алдында борышын өтеуге аттанған жас жігітті шығарып салу және «Қанжардан құтқарған қазақ тілі» атты көрініс қойылды. Аталған сахналық қойылымның көрерменге әсері мол болды.
Кеште жоғары сынып оқушылары ардагер ағаларына сұрақтар қойды. Оған ауған соғысының ардагерлері жас ұрпақтың отан алдындағы міндеті еліне, туған жеріне қызмет ету екенін жете түсіндірді.
Қазіргі таңда 3000 ардагер мүгедектер қатарында өмір сүріп жатыр. Ал, қанды қырғынды басынан өткізіп, оны есіне түсіргісі де жоқ азаматтар арамызда жүр. Соған да шүкіршілік етіп, оларды бүгінгі күннің батырлары есебінде қабылдаймыз.
Жиын соңынан ардагерлер жас ұрпаққа ендігі уақытта соғыс зардабын тартпауға, тек қана бейбіт өмір сүруді тіледі.
Е.ЖОЛАМАНОВ,
Бәйгетөбе ауылдық округі ардагерлері кеңесінің төрағасы.