Басты жүлделер біздің ауданда!

(0 Votes)

Жаңа ғана ұялы телефонымызды дір еткізіп облыс аймағында шаңды дауылдың пайда болғаны туралы хабар келіп жеткен. Вокзал маңын азан-қазан еткен аңызақ жел ме десек, Алматыдан жеткен ақжолтай хабар екен. Жүздері бал-бұл жайнаған ата-аналар жеңіспен оралып келе жатқан өнерлі өрендерін көргенше асық.

7-10 мамыр күндері Алматы қаласында мектеп оқушылары арасында VІ Халықаралық «Жеті Өнер» шығармашылық фестиваль-конкурсында Мақат балалар өнер мектебінің «Әсем-ай» би тобы – бас жүлде, «Зерде» би тобы - І орын иеленіп мұнайлы мекеннің абыройын асқақтатқан еді. Мың бұралған кішкентай қаракөздеріміз синхронды би қозғалысының мүлтіксіз ритмикасымен қазылар алқасының таңдайын қақтырып, талайды тамсандырып қайтты.

Олардың сахналық киім үлгілері мен сахна мәдениетін сақтаудағы жүріс-тұрысы да қырағы көздердің жіті бақылауында болды. Бұндай халықаралық деңгейдегі жарыста әрбір нәзік детальдің рөлі ойнайтыны сөзсіз. Осының барлығын балалардың бойына ұштастырып, биікке шыңдарға баулып жүрген «хореография» мамандығының мұғалімдері Әсем Ерімова мен Мөлдір Берікованың есімін мақтанышпен айтуға болады.

Жеңімпаздарды арнайы қарсы алып, оларға ақ тілегін ақтарған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев ұстаздар қауымына да ерекше ілтипат білдірді. Мақат балалар өнер мектебінің директоры Дәулеткерей Маулекеновте айрықша қолдау білдірген ата-аналар қауымына ыстық ықыласын жеткізді.

Осылайша пандемия салдарынан екі жылдай сахнадан жырақтап қалған бишілеріміз төл өнерімізге әбден сусап қалған көрермендердің көңілін көтеріп қана қоймай бәйгені сағынып тыпыршып тұрған тұлпар секілді, шектеулер алына сала байрақты бәсекенің басты жүлделерін қанжығалап қайтты.

А.САДЫКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT