Жақында “Атырау” спорт кешенінде Астана күніне орай ұйымдастырылған қазақ күресінен “Қазақстан барысы” республикалық турниріне Атырау облыстық іріктеу сайыстары өтті.
Дүбірлі додаға әр ауданның және Атырау қаласының намысын қорғаған 16 палуан қатысты. Үздіктер қатарынан көрінсем деп мұнайлы мекеннің жалауын желбіреткен Әділет Сапарғалиев үшін жарыс оңайға түспеді. Алғашқы белдесуінде бүгінгі таңда қазақша күресінің дәуірі жүріп тұрған қызылқоғалық палуанмен жолы түйісіп жеңіске жетсе, келесі белдесуінде құлсарылық палуанды қапыда қалдырды. Десе де жартылай финалда Қызылқоғаның тағы бір даңқты палуаны Сұңғат Закарияев жерлесінің кеткен есесін қайтарып, Әділетті финалдан тосты. Бәлкім соқыр жеребе Сұңғатпен жұп қылмағанда Әділет ақтық айқаста өнер көрсетер ме еді?! Алайда жарыс бұнымен бітпеді. Алда қола жүлде үшін тартысты кездесу күтіп тұр еді. Ауданның абыройы үшін ісіне шындап кіріскен Ерлан Шынтасовтың шәкірті бөркімізді аспанға атқызды. Осылайша Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгері қола жүлдемен қанжығасын майлады.
А.САДЫҚОВ