Ақындар тарихи тұлғаны жырға қосты

(0 Votes)

Белгілі жазушы, драматург, публицист, аудармашы және киноактер Сәтімжан Хамзаұлы Санбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Ұлы даланың ұлағаты» атты облыстық ақындар айтысы Бәйгетөбе ауылдық округін думанға бөледі.

Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен айтысқа 9 жұптан құралған 18 ақын қатысты. Ұлт дәстүрін жалғаған сөз сайысына қатысушыларға қойылған талап бойынша Сәтімжан Санбаевтың шығармашылығы мен еліне қалдырған еңбегін саралап, туып өскен өлкесі Мақат ауданы, Бәйгетөбе ауылының бүгінгі әлеуметтік даму бағыты туралы ақындардың суырып салмалық шеберліктері мен ой ұшқырлықтары сынға түсті.

Айтысты ұйымдастырушылар атынан сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев бұрын аудан, облыс орталығында өткізіліп келген жыр додасы ауыл көрермендеріне арман боп келсе, биылдан бастап, тақырыпқа арқау болар тарихи тұлғаларымыздың туған жерінде өткізу ұйғарылғанын айтты.

Сәтімжан Санбаев Абайдың қара сөздерінен бастап, көптеген қазақ жазушыларының туындыларын орыс тіліне аударса, өзінің бірнеше әңгімелер мен хикаяттар жинағын, романдарын жарыққа шығарды. Оның шығармалары әлемнің 30-дан астам елінде басылды. «Ұшы-қиырсыз жол», «Той боларда», «Шоқан Уәлиханов», «Батыр Баян» көркем фильмдерінде басты рольдерде ойнаған киноактер «Қыз Жібек», «Ыстықкөл қызғалдақтары» кинофильмдерін қазақ тіліне аударған.

Сөз өнерінің құдіретін ұққан көрермен де шешен сөздің шебер иріміне қошемет көрсетіп, зор ризашылықпен шапалақ ұруы арқалы жырдың тиегін ағытқан ақындардың делебесін қоздыра түсті. Әсіресе, әлеуметтік мәселелердің өзектілігі ақындар өлеңінде өріліп, қисынды уәж, өрелі ойдың айтыс үстінде туғанына тәнті.

Шаршы топтың алдында сынға түскен ақындар қатарында бәйгетөбелік Нұрбек Сарбасовты сахнадан көрген жерлестері тақымын қысса, айтыс десе, ішкен асын жерге қоятын халқымыздың қошаметімен делебесі қозып, жыр төкпелеткен жас ақындар Жақсылық Апуажанов, Фариза Жетпісбаева, Абылай Смағұловтар көрермен қошаметіне бөленді. Талай айтыс додасында топ жарып жүрген Жәнібек Садыров ізін басып келетін айтыс сахнасындағы інілерінің бірі Амангелді Панабердиевке шапанын жауып кетуі мәрттіктің үлгісін танытса, Нұрболат Нұғыманов, Әсел Таушанова сынды ақындардың тапқырлығы, айтыс өнерінің өресін бағындырудағы шешендік қабілеттері ел ықыласын еріксіз аударды. Айтыс сахнасында Ерболат Ізден, Баймұрат Кеңесов, Мадияр Бекентайұлы, Гүлсара Сембаева сынды жас ақындардың талпынысы жоғары көрінді.

Ақтық мәреде талантты ақындар Өнербек Дәулекенов пен Әділбек Қайыров қайым айтыстың қайырмасын қайыруда тапқырлық танытып, әдемі әзілмен әрледі.

Қазылар алқасының шешімімен С.Санбаев атындағы арнай жүлдені бәйгетөбелік Нұрбек Сарбасовқа берілді. Айтыстың үшінші жүлдесін Жәнібек Садыров, Амангелді Панабердиев, Ғалымбек Мұстафа бөліссе, екінші жүлдені Өнербек Дәулекенов пен Серікбол Панабердиев еншіледі. Тақырыпқа арқау болған тұлғаның тарихын зерделеп, көкейден шыққан түйдек-түйдек жыр жауһарын төккен Әнуарбек Садықов айтыстың бірінші жүлдесін, Серік Қойшығұлов бас жүлдені қанжығалады.

Дәстүрлі өнер додасына арқау болған мұнайлы өлкенің төл тумасы Сәтімжан Санбаевтың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы кітап көрмесі оқырман назарын аударды. Ал топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысының жүйріктері ұтымды ой өрнегін сабақтауымен ерекшеленді. Екі айналымнан тұратын айтыс мәресінде ұйымдастырушылар атынан аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев жыр тиегін ағытқан айтыскерлер мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Айтысты жүргізген Қойшығұл Жылқышиев, төрелік жасаған қазылар алқасында айтыскер ақын Жәниба Қарасаева, Қазақстан ұлттық академиясының академигі, ақын Нәсіпқали Сейітов, «Талант» қоғамдық қорының директоры, айтыскер ақын Әбдіхан Есенғалиев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Ермеков, ақындарға жүлделер мен арнайы сыйлықтар табыстады.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT