Қазақтың қара сөзінің майын тамызған Мұхтар Әуезов бабамыз халқымыздың музыка өнері жайында: «...қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым» деген екен.
Расында, дәстүрлі музыка өнері бұл халқымыздың атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға жалғасып, жоғалмай келе жатырған рухани-мәдени байлығы. Сондықтан, өз елін, кіндік кескен туған жерін, ата-бабаларымыздан қазіргі заманымызға дейін жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүр мәдениетімізді сүймейтін жан жоқ, сірә.
Қазіргі таңда, ауданда қазақтың ұлттық өнерін, ұлттық музыкасын, сонымен қатар мәдениетін сақтап қалған ұжымдардың бірі «Мөлдір мұнай» халықтық фольклорлық ансамблі. Бұл өнер ұжымы кейінгі жылдар жемісі. Құрылғанына көп болмаса да, ансамбль көрермендер жүрегінен лайықты орын алып келеді.
Тарихы 2001 жылы 24 қазанда басталған ұжымға Республика күні қарсаңында халық алдына тұңғыш рет өнер көрсеткен ұжымға, сол кездегі «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысы Мақсот Байболұлы «Мөлдір мұнай» деп атау ұсынып, тұсауын кеседі. Осылайша Доссор мәдениет үйі жанынан алғашқылардың бірі болып фольклорлық ансамбль құрылады.
Ансамбльдің орындаушылық шеберлігінің жоғарғы деңгейде қалыптасып, биіктен көрінуіне үлкен еңбек сіңірген алғашқы музыкалық жетекшісі Бүкілодақтық және Халықтық байқаулардың лауреаты атанған халық ұлт аспаптар оркестріне сол кезде дирижерлық жасаған Аманқос Түсіпқалиев. Ол ұжымның орындау бағытын анықтап, бұрынғы қазақ халқының аспаптарының дыбысталуын жандандырады. Кейінгі көркемдік жетекшісі Бүкілодақтық және Халықаралық байқаулардың лауреаты Оразбай Раисов ансамбльге ежелгі қазақ музыкалық аспаптарын енгізеді. Шертер, жетіген аспаптары енгізілгеннен кейін жаңа дыбыс пайда болып, дыбысталуға жаңа әуен берді.
Кейін, ансамбль орындаушылық шеберлігін жауапты концерттерде шыңдай түсті. 2002 жылы ақпан айында Байшонас кен орнының -70, Қарсақтың- 40, Ботақанның-20 жылдығына арналған салтанатты кеште ансамбльдің сүйемелдеуімен облысқа, республикаға танымал әншілер ән шырқап, көпшіліктің зор ықыласына бөленеді. Осылайша ансамбль кәсіптік деңгейінің жоғары екендігін де дәлелдей білді.
Ал 2003 жылы «Ресейдегі Қазақстан жылына» орай «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасының қолдауымен Астрахань облысының Володар, Камызяк, Краснояр аудандарына концерттік сапармен барып, Құрманғазы бабамыздың басына тағзым етіп, ресей жеріндегі қандастарымызды таңқалдырып, таңдай қаққызды. 2005 жылы «Ауыл жастар» бағдарламасына орай Ақтөбе қаласында концерт беріп, облыстың Қызылқоға, Махамбет, Жылыой аудандарын аралап көрермен ілтипатына бөленді.
Өнер ұжымы 2006 жылы наурыз мерекесінде Астана қаласында өнер көрсетіп, ұмтылмастай әсерге бөленді. Сондай-ақ, осы жылы облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі-2006» әуесқой қазақ халық аспаптар оркестрлерінің Республикалық фестиваліне қатысты. Бұл фестивальда ансамбль жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ІІ дәрежеден көрініп, лауреат атағына ие болды.
Өнер ұжымы аз ғана үзілістен кейін 2014 жылы қайта жанданып, ансамбль жаңа қарқында өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда, ансамбль құрамы жас-тармен толықты. Ансмабльге жас әнші Амандық Төлегенов жетекшілік жасап, ұжымның шеберлігін шыңдауға атсалысуда. Шығармашылық ұжымның жеткен жетістіктері де аз емес. «Мөлдір мұнай» фольклорлық ансамбліне жоғары орындаушылық шеберлігі және көркемөнерпаздар шығармашылығының дамуына қосқан үлесі үшін 2009 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің «Халықтық өнерпаздар ұжымы» атағының берілуі ұжым мәртебесін биіктен танытты. Шығармашылық ұжым мүшелерінің әрқилы жағдайларына байланысты арада біраз үзілістен соң, 2018 жылы қыркүйек айында «Мөлдір мұнай» фольклорлық ансамблі «Халықтық» атағын қайта қорғап, рәсімдеді. Ансамбльдің репертуары халық шығармаларынан, халық сазгерлері Құрманғазы, Сүгір, Бақтыбай мен І.Жақанов, С.Хұсайынов, И.Байзақов, Н.Тілендиев сынды біртуар тұлға боп халық есінде қалған сазгерлер туындыларынан тұрады.
Репертуарын әрдайым толықтырып, жаңартып отыратын музыканттар қашан да шығармашылық ізденіс үстінде. Сахнада тұрған қыз-жігіттердің бір-біріне дем бере, бірге тербеліп, құйқылжыта орындаған әуендердің сиқырлы үні делебеңді қоздырып, бойыңа қуат құйып, жігерлендіреді. Орындау шеберлігі жағынан ансамбль мүшелері жоғары дәрежелі мәдениеті, халық аспаптарында ойнаудың дәстүрлі ерекшеліктерін жітік білуімен ерекшеленеді. Қазақ халқының ұлттық аспаптарында ойнай отырып өнерпаздар ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дала әуенінің, халық әуенінің сұлулығын, тереңдігін, шынайылығын, халық сазгерлерінің жүрек тебірентер шығармаларын сезінуге, тарихы жұмбақ аспаптардың дыбысын өз тыңдаушыларына жеткізуге және жүректеріне жол табуға мүмкіндік береді. Бүгінде эстраданың дәуірлеп тұрған заманында, ұлттық музыканың заман көшінен қалыс қалып бара жатқаны ақиқат. Ал, ұлттық музыка – халқымыздың баға жетпес құндылығы. Осы ежелден бері атадан балаға мұра болып, сан ғасырлық тарих қойнауынан өтіп, бүгінде жоғалмай, өлмей осы күнге жеткен асыл қазынамызды әрі қарай өсіп келе жатқан ұрпаққа мұра ғып жеткізуіміз біздің міндетіміз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Сурет автордікі.