Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті «Құрылтай» деп атау жөніндегі бастамасы — елдегі саяси реформалардың мазмұнын тереңдете түсетін маңызды қадам.
«Құрылтай» атауы қазақтың тарихи санасында кеңесіп, ортақ шешім қабылдайтын алаң ретінде қалыптасқан. Сондықтан бұл ұсыныс мемлекеттік басқару жүйесіне ұлттық болмыс пен дәстүрлі сабақтастықты енгізуге бағытталған символдық мәні зор бастама деуге болады.
Ежелгі Сыр елі Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V жинынында бұл атауға көшуді Перзидентіміз арнайы мақұлдады. бір палаталы парламенттің 145 депутаттан тұруы және олардың 5 жылға сайлануы — заң шығару үдерісінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл депутаттарға ұзақмерзімді жоспар құрып, қабылданатын заңдардың сапасына тереңірек мән беруге жол ашады. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұруы — ашықтық пен жүйелілікті қамтамасыз ететін тетік. Әрбір заң жобасы бірнеше сүзгіден өтіп, жан-жақты талқыланатын болса, асығыс әрі шикі шешімдердің алдын алуға болады.
Құрылтай құрамындағы 8 комитеттің болуы салалық мәселелерді кәсіби деңгейде қарауға мүмкіндік береді. Әр комитет өз бағыты бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, заң шығару процесіне сараптамалық тұрғыда үлес қоса алады.
Жалпы алғанда, Құрылтай форматына көшу — тек атауды өзгерту емес, мазмұнды жаңғыртуға бағытталған реформа.
Егер бұл бастама нақты істермен, ашық диалогпен және халық үніне құлақ асумен ұштасса, елдің саяси жүйесіне тың серпін беріп, демократиялық даму жолындағы маңызды кезеңдердің біріне айналары сөзсіз.
Мәлік ӘНЕСҰЛЫ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы



