Тазалық – елдің мәдениеті мен жауапкершілігі

(0 Votes)

Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті.

Жиында Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясы туралы сөз қозғап, оның маңыздылығын тағы бір мәрте ерекше атап өтті. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» – бұл тек ұран немесе бір күндік науқан емес. Бұл – күнделікті қажырлы еңбектің, ұлттың қоғамдық мәдениет пен тәртіптің көрінісі. «Тазалық – тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп – жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы ел боламыз», - деді Президент. 

Иә, бұл бастама еліміздің дамуында ерекше орын алады. Қоғамдағы тазалық пен азаматтық жауапкершіліктің артуы – кез келген елдің дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы – тек экологиялық шара ғана емес, қоғамның рухани және мәдени дамуының айнасы екені сөзсіз.

Аудан ардагері ретінде мен бұл идеяны еліміздің болашағы үшін ұлы мақсат деп бағалаймын. Қоқыс тастамау, табиғатты қорғау, су мен ауаны ластамау – бұл жай ғана ереже емес, ұлттық абырой мен ұлттың мәдениетін көрсететін белгі. Айта кетерлігі ауданымызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Апта сайын ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер мен санитарлық тазалық жұмыстары ауданның көркі мен санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосуда.

Сонымен қатар, аудан көлемінде «Таза Мақат» мекемесінің ашылуы да үлкен серпін болды. Мұнда арнайы техникамен қамтамасыз етіліп, тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жаңалық тұрғындар арасында үлкен қолдауға ие болып, ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға нақты ықпал етті.

Мемлекет басшысының бастамасы арқасында алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табары анық. Экологиялық ахуалды жақсарту, табиғатты қорғау, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – бәрі бір жүйе, бір мақсатқа бағытталған. Дана халқымыздың «Тазалық бар жерде береке бар» деген сөзі бар.

Біз осы ұстанымды бойымызға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Сондықтан келешек жастарға да Мемлекет басшысының бастамасын толықтай қолдап, оны өз өміріңіздің басты қағидасына айналдырса деймін.

Тазалық – бұл тек сыртқы көрініс емес, елдің мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің көрсеткіші.

Қабылхан ОМАРОВ, 

аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT