Ауданда 16 қыркүйектен бастап қызылша, қызамыққа қарсы қосымша екпе егу науқаны басталды. Бүгінде өңірге 2900 дана вакцина жеткізілген. Вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатымен қорғалған. Келіп түскен препараттар кенттегі емханаларға қажетті көлемде таратылып жатыр. Жалпы, вакциналау шарасы бір айға созылмақ. Бұл науқан тұрғындар арасында қызылшамен сырқаттанудың өршуіне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылуда.
20-29 жас аралығындағы ересек адамдарға уақытында дәрігер көмегіне жүгінбесе, қауіп төндіретін қызылшаға қарсы екпе алу тегін. Ол үшін бар болғаны тіркелген емханаға барса, жеткілікті. Аудан бойынша айлық аясында 2746 адамға екпе егу жоспарланып отыр. Аудандық орталық ауруханасында өткен екпені егу шарасының ашылуында дәрігерлер тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізіп, ақпарат қағаздарын таратты.
Соңғы жылдары егілу жасына толмаған 1 жасқа дейінгі балалар мен қызылшаға қарсы егілгеніне 15 жылдан асқан ересектер арасында қызылшамен ауырған адамдар көбейіп отыр. Биыл жылы ауданда 22 адам қызылша ауруын жұқтырған. Оның үшеуі 14 жасқа дейінгі балалар болса, сегізі жыл толмаған нәрестелер. Осындай жағдайдың алдын алу үшін қызылша мен қызамық ауруларына қарсы вакцина қабылдап, аурулардан қорғануға шақырамыз!
Айта кетейік, шара аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басқаруымен және аудандық орталық ауруханасының ұйымдастыруымен өткізілуде.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі