ІНДЕТ ЖАЙБАРАҚАТТЫЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

(0 Votes)

Жақында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі вакцинациялау жұмыстарының жүргізілу барысы туралы өткен кеңейтілген отырыста екпенің қоғамдық иммунитетті қалыптастыру үшін керек екенін баса айтты.

«Облыста эпидемиологиялық ахуал әлі күрделі, аурудың таралуы күннен-күнге өршуде. Бұл – баршамызды қатты алаңдатып отырған жағдай. Менің төрағалығыммен осыған дейін вакцинациялауға қатысты бірнеше жиналыстар өтті, нақты тапсырмалар берілді, бірақ жұмыс қарқыны әлі де төмен. Бұл, әлі де болса осы жұмыстардың қажетті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді. Барлығыңызға кеткен кемшіліктерді түзету үшін 2 апта уақыт беремін. Жұмыс жолға қойылмаған жағдайда сіздерге тәріптік жауапкершілік қаралатын болады»,-деген болатын облыс әкімі.

Алқалы жиында екпе алудан төмен көрсеткішпен тұрған аудандардың да жағдайы сұралды. Атап айтқанда, Жылыой халқының 13,7 пайызы, Исатай ауданының 28,7 пайызы, қызылқоғалықтардың 28,1 пайызы ғана екпе алған. Ал біздің аудан тұрғындарының 22,5 пайызы ғана екпеге сенім артқан. Бұл әрине ең төмен көрсеткіш.

Осы мақсатта сейсенбі күні аудан әкімі Шәкір Кейкінұлының төрағалығымен жиын өтіп, коронавирусқа қарсы вакцина егу жұмыстарын жандандыру мәселелері қозғалды. Басқосуда аудан басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың өршіп тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, екпе алуда төмен көрсеткіш көрсетіп отырған мекеме басшыларын сынға алды. 

«Байқағандай індеттің үдеуі басылмай тұр. Вакцинациялау – вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін денсаулық сақтау саласының мамандары, эпидемиологтар дабыл қағып айтуда. Дегенмен екпе алдыруға асығатындар қатары өте төмен. Ауданымыз облыс аймағында вакцинация бойынша Жылыой ауданынан кейін соңғы орында тұрмыз. Бұл үлкен сын. Жұмыс өте баяу жүруде»,-деді аудан әкімі.

Мұнан соң ауданда вакцина дозасы жеткілікті екенін айтып, бұл іске немқұрайлы қарамауды тапсырды.

img_5522

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева ауданға жыл басынан бері 3426 доза жеткізілгенін жеткізді. Ал бүгінгі күнге дейін салынған екпе саны – 3039 доза. Мақаттық тұрғындардың 2213-сы вакцина алған болса, доссорлықтардың үлесі – 826.

«Бұл өте төмен көрсеткіш. Бұл салғырттық жауапты мекеме басшыларының ұжымдарын арттарынан ерте алмауы, ортақ іске жұмылдыра алмауынан деп есептеймін. Аудан тұрғындары арасында вакцинациялауға жататын контингент саны 13 мың адам болса,  пайыздық көрсеткішпен 23,1 пайызды құрайды. Індеттен құтылудың жалғыз жолы - вакцина салдыру. Қалыпты өмірге қайта оралу үшін екпенің маңызы зор деп есептеймін. Әр азамат өз денсаулығына, отбасына жауапты. Жалпы, ауырмайтын жол – тазалық, салауатты өмір салты, күтім, иммундық ахуалды ұдайы бақылап отыру. Осы қарапайым нәрселерді ұмытпасақ, еліміз аман, жұртымыз тыныш болады»,- деген аудан әкімінің орынбасары О.Айкашева вакцинациялау жұмысын ұйымдастыра алмай отырған бірнеше бөлім басшыларына шара қолдануға ұсыныс айтты.

Ауданда екпеге қарсы көрсеткіші бар тұрғындардың саны көбейіп отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі ауруханада анықтамалардың шынайы берілуін қатаң қадағалау үшін аудандық орталық аурухананың директоры А.Әбдірахмановқа тапсырма берді.

«Аудандық ауруханадан беріліп жатқан құжаттар қатаң бақылауда. Барлығын базадан тексеру арқылы, шынымен ол «Д» есепте тұра ма, бірнеше жылдан бері тұрақты түрде қарала ма және вакцинаға қарсы көрсеткіші бар ма деген сұрақтар бойынша тексерілген соң ғана беріледі анықтамалар. Бұл қазір қатаң бақылауда»,- деді бас дәрігер.

Сондай-ақ, А.Әбдірахманов ауруханаға вирус жұқтырып түскен науқастардың барлығы дерлік екпе алмағанын айтады. Әзірше екпе індетті жеңудің жалғыз жолы десе де екпені ектірмей, оған қарсы шыққандар көп және олар жұқтырып қана қоймай таратушы қызметін атқаруда дейді ол.

«Вакцина алдым екен, енді вирус жұқпайды деген сөз емес. Вакцина алғаннан кейін адам организмінде иммунитет, антидене қалыптасуы керек. Вакцина алып та вирус жұқтырып жатырғандар бар, оларда  ауру жеңіл түрде өтіп, жақсы көрсеткішпен шығып жатыр. Қорғану, сақтық шараларын естен шығармау керек»,- деді ол.

Аудандық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, ауданда І компонентті 3039 адам, ІІ компонентті 2180 адам алған.

Вакцина алуда негізінен белсенділік танытып отырғандар - ақ халаттылар,  мұғалімдер, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар, теміржолшылар және өндіріс қызметкерлері. Бүгінде аудандағы екпе егу бөлімшелерінде «Спутник V» вакцинасы егілуде.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT