Қалыпты өмірге қайта қадам басу үшін екпе алудың маңызы зор. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әлемді жайлаған коронавирус індетінен қорғанудың бірден-бір жолы дәл осы екпе алу екенін атап айтқан болатын.
Вакцина алу тек өзіңіздің өміріңізді қорғау ғана емес, жанұяңыздың, ұжымдастарыңыздың, жалпы айтқанда қоғамға індеттің таралуына қойылған басты тосқауыл.
Бұл ретте аудан тұрғындарын екпемен қамтуда ақ халаттыларымыз аянып қалып жатқан жоқ. Қоғам алдындағы жауапкершілігін жеті сезінген жандарға қосымша орындар да қарастырылуда. Соның айқын айғағындай жылжымалы епе пункті өз жұмысына кірісті. Тұрғындарымыз енді орталық "Барыс" базарының тұсында орныққан жылжымалы медициналық кешенде де екпе салдырта алады. Аталмыш екпе пункті енді таңғы сегіз бен кешкі сегізге дейін қызмет атқармақ.
Жылжымалы кешенге алғаш келгендердің бірі Мақат кентінің тұрғыны А.Нақатов болды. "Өзім ардагер теміржолшымын. Жанұямдағы жандардың бәрі екпе алды. Немерелеріме, бала-шағама зиянымды тигізбейін, аурудың ел қатарлы алдын алайын деген ниетпен келіп тұрмын. Өткен жылы дерт дендеген тұста жақындарымыздың бірі қатты ауырып қорқытқан еді. Сол кезде бұның алдын алатын неге бір ем табылмайды деп айтқанбыз. Сондықтан да екпе алдыртудан қашпау керек деп есептеймін",-дейді ол.
Вирусты жеңудің жалғыз жолы - ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Сондықтан да жақындарыңызға жанашыр болып, берілген мүмкіндікті мүлт жебермейік.
А.САДЫКОВ