«Сыңғырла, соңғы қоңырау!»

«Сыңғырла, соңғы қоңырау!»
(0 Votes)

Мектеппен қоштасу – әр түлек үшін жүрек толқытатын ерекше белес. Атыраудағы NIS-те өткен биылғы соңғы қоңырау салтанаты да өткен оқу жылының қорытындысын айшықтап, 114 түлекке үлкен өмірдің есігін ашты. Олардың ішінде 2 түлек – «Алтын белгіге» үміткер болса, 10-ы – «үздік аттестат» иегері.

Салтанатты шарада мектеп директоры Ерали Қыдырбайұлы өткен оқу жылының басты жетістіктерін атап өтіп, оқу озаттары, үздік сыныптар мен мектеп өміріне белсене араласқан түлектерге, «Үздік оқушы» мен «Үздік шаңырақ» иегерлеріне, мектебіміздің қоғамдық шараларына белсене араласып, көркеюі мен дамуына атсалысқан 12-сынып оқушыларына құрмет көрсетіп, арнайы марапаттады.

Атыраудағы NIS-ті осыдан 10 жыл бұрын бітірген алғашқы түлектер де сөз алып, жылы лебіздерін білдіріп, естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын күллі ел боп кең көлемде атап өтуде. Абай – ұлттың рухани көсемі. Шара барысында Абайдың өлеңі оқылып, мұрасы насихатталды.

Бұл жолы 90-ға жуық түлек еліміздің ең беделді оқу орындарында білім алуға ниет етсе, қалған түлектер шетелдік жоғары оқу орындарында оқуға талпынып отыр.

Талантты оқушылар әуезді ән, күмбірлі күй, әсем би мен рухани жыр арқылы кештің көркін келтірді.

Ал түлектер орындаған «Соңғы вальс» кештің шарықтау сәтіне айналды. Бұл – мектеппен ғана емес, балалықпен қоштасу сәті еді.

Мереке соңында түлектер мектеп ауласына «уақыт капсуласын» қалдырып, болашаққа естелік аманат жазып кетті.

Сыңғырлаған қоңырау үні енді олардың жүрегінде сағыныш пен үмітке толы естелік болып жаңғырып тұрады. Жас түлек, алдың ашық, жолың жарық болсын!

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT