Атыраудағы NIS Халықаралық мектептер кеңесінің (Council of International Schools, CIS) реаккредитациясынан сәтті өткенін растайтын ресми куәлік алды.
Бес күн бойы Австралия, Ұлыбритания, Ирландия, Әзербайжан, Индонезия, Италия және Өзбекстан елдерінен келген CIS сарапшылары мектептің оқу үдерісімен, тәрбие жұмысымен, бағалау жүйесімен, қауіпсіздік шараларымен және мектеп қауымдастығының дамуымен жан-жақты танысты.
Сапар қорытындысы бойынша халықаралық сарапшылар Атыраудағы NIS қызметіне жоғары кәсіби баға берді. Олар мектеп ұжымындағы серіктестік мәдениетін, өзара қолдау жүйесінің қалыптасқанын және оқушылардың әл-ауқатына бағытталған жүйелі қамқорлық шараларын ерекше атап өтті. Сонымен қатар сарапшылар мектептің сапалы оқыту мен білім беру (HQTL) тұжырымдамасы және жаһандық азаматтық қағидаттарын оқу-тәрбие үдерісіне тиімді әрі үйлесімді енгізуін жоғары бағалады.