IV тоқсан қалай басталды?

(0 Votes)

Аты жаман індеттің әлемді жайлағалы бері елімізде білім беру ұйымдарының  онлайн оқыту жүйесіне көшкеніне тұтастай бір жыл уақыт болды. Оқушылар қоңыраудың үнін сағынғанымен, эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектепте оқу мүмкін болмай тұр. Үш тоқсан бойы онлайн форматта оқыған оқушылар ауа-райы жылынған соң мектеппен қауышамыз деген үмітте еді. Өйткені үшінші тоқсан аяғына қарай оқушылар дәстүрлі оқыту форматына көше бастаған-ды. Десе де, бүгінгі күні Атырау облысы коронавирус таралу көрсеткіші бойынша «қызыл аймаққа» енуіне байланысты оқушылардың үміті тағы ақталмады. Былтыр төртінші тоқсанды алғаш рет қашықтан оқыту форматымен бастаған оқушылар, биылғы тоқсанды да сол бағытта жалғастырмақ.

Облысымыздың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың жаңа қаулысына сәйкес сәуір айынан бастап мектеп оқушыларының оқу форматына өзгеріс енгізілді. IV тоқсаннан бастап 300-ден аспайтын мектептерде оқу дәстүрлі форматта өтеді. Сыныптағы оқушы саны 25-тен аспауы керек.

Өңіріміз «қызыл» аймаққа жататындықтан, жалпы білім беретін мектептерде 1-сыныптан бастап 5-сынып оқушылары әр сыныптағы бала саны 25-тен аспай, аралас форматта білім алады. Яғни 70% пәндер мектепте, 30% пәндер қашықтан оқытылады. Оқушы саны 25-тен асып кеткен жағдайда 2 топқа бөлінеді.

whatsapp-image-2021-04-01-at-17_29_34

Мектеп бітіруші 9,11-сынып оқушылары үшін аптаның 6 күні аралас форматта сыныптағы бала саны 15-тен асырмай, «1 сынып - 1 кабинет» қағидасымен  негізгі пәндер штаттық режимде, қосымша пәндер қашықтан оқытуға рұқсат беріледі. Ал дене тәрбиесі пәні ауа райы қолайлылығын ескеріп, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, таза ауада өткізілуі тиіс.

 Мектепке дейінгі ұйымдардың (балабақша) бүлдіршіндері үшін санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, бала саны 15-тен аспайтын кезекші топтар жұмыс жасамақ.

«Егер де ата-аналар офлайн форматта білім алуға қарсы болған жағдайда мектеп әкімшілігіне хабарласып, өтініш білдіре алады. Бұл жердегі басты мәселе қашықтан оқыту форматының білім сапасына әсер етуі болып отыр. Яғни, білім сапасының төмендігін мектеп бітіруші түлектердің қаңтар айында өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысынан білуге болады. Бүгінгі оқушы - ертеңгі студент, яғни  болашақ мамандық иелері болғандықтан, оқушылардың офлайн форматта сапалы білім алғанын біз де қалаймыз»,- дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Долдашев.

Иә, бұл тек біздің ауданның ғана басына түскен іс емес. Бүкіл әлем болып күресіп жатқан қауіпті індеттен сақтанудың бірден бір жолы осы болса керек. Қалай десек те, бұл жағдайда сабыр мен төзімнен басқа қолдан келер қайран жоқ. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, ұстаз бен шәкірт алтын ұясында қауышар күн де туар.                                    

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT