«Жігітке тігін тігу емес, жұмыссыз жату - ұят»

(0 Votes)

Ауданымызда он саусағынан өнер тамған тігінші жігіт тұрады. Бала кезінен бұл салаға қызығып өскен Бекзат Арыстанов өңірімізде қолына ине-жіп алып, киім пішіп жүрген жалғыз азамат.

Бекзат ісмерлікті әкесінен үйреніпті. Нағашы әжесі де тігін тіккен, шебер кісі болған. Сондықтан, бұл екі жақтан да бойыма сіңген өнер дейді шебер. Бозбала шағынан күрделі әрі кірпияз өнерді меңгеруге тырысқан ол, тынбай ізденіп, көз майын тауысып, ақыры ине мен жіпті ырқына көндірді.

bekzat-4

«Бала кезімде әкем аяқ машинасымен тігін тігетін. Көбіне қыста ескі қалың киімдерден аяққа киетін байпақ шығаратын. Соны қызықтап қарап отыратынмын. Осылайша басында көзбен көріп үйрендім. 8-сынып оқып жүргенде алғаш рет ескі аяқ машинасымен тігін тігіп көрдім. Басқанда аяғымның әлі келмей, ұзақ отыратынмын. Машинаға қолымды тігіп алып жүрген күндер де болды. Бірақ, еш қайтпадым. Содан 10-сыныптан бастап  аяқпен басып үйрендім. Алғашқыда қолымды үйдегі көпшіктердің(жастықтардың) қабын тігіп үйреткен болатынмын»,- деп сөз бастады Бекзат.

bekzat-3

Бекзат 1994 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Ол кенттегі М.Баймұханов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Атырау қаласындағы Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында бес жыл дизайнер мамандығын оқып, өзі сүйетін істі оқып шығады.

«Қанша мамандық болса да, бұл өнерге деген сүйіспеншілігім ерекше. Сол үшін әлі күнге дейін киім тігіп, пішуден бір қадам да алыстамадым. Университет қабырғасында негізінен теория жүзінде үйрететін. Маған олай қызық емес болатын. Кейінен бізге Айзада есімді жас маман келді. Осы кісіні іздеп тауып, маған үйретіңізші деп артынан қалмайтынмын. Менің қызығушылығымды байқаған ол киімді қалай пішу, құрастыру және тігу керек екенін үйретті. Менің қазіргі жетістіктеріме ұстазымның үлесі зор деп білемін. Сондықтан мені осы өнерге баулығаны үшін алғысым шексіз»,- дейді ол.

Мамандық иесі атанғаннан кейін Бекзат аудандық мәдениет үйіне суретші қызметіне орналасады. Әлі күнге дейін мәдениет үйінде өтетін барлық шаралардың көркемділігін қадағалап, веб-дизайнер мамандығын қоса атқарып келеді. Оның тіккен түрлі сахналық костюмдері де өнерпаздардың жарқырап шығуына үлесін тигізуде.   

                  bekzat-6      
                             

Шебер алғаш рет тігін машинасын жоғары оқу орнына түскеннен кейін алған. Әлі күнге дейін сол құралын жанына серік етіп келеді. «Көп тігіншілерде өзінің жақсы көретін, қолы үйренген машинасы болады. Менің үйде біреу және жұмыста бір құралым бар. Ешкімге ұстатпаймын»,- деп күлді ол.

Бүгінде Бекзат көрпе-жастық пен киім-кешектің сан түрін тігеді. Бұдан бөлек оның қолынан шыққан сахналық киімдер мен мультфильм кейіпкерлерінің киімдері де көздің жауын алады. Киім тігуде қыз-келіншектердің өзін «шаң қаптыратын» ол туындыларында қазақтың ою-өрнегін, ұлттық нақыштарын әдемі үйлестіре біледі.

bekzat-5

Карантин уақытында Бекзат «Ақ кимешек» атты онлайн сабақ өткізген болатын. Ондағы мақсаты ұмытылып бара жатырған жәдігерімізді жаңғырту. Сондай-ақ, ол жаңа жылдан бастап оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Алтын ине» атты қолөнер үйірмесін ұйымдастыруда. 9 бен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған бұл үйірменің ақысы айына мың жарым-ақ теңге.    

Отбасында Бекзат төрт ағайынды. Екі апасы және Ләззат есімді сыңары бар. Дегенмен үйде қыздарға қарағанда, іс тігу Бекзатқа ғана жақын.

«Бізде тігіншілікті ер азаматтардың ісі емес деген қате пікір қалыптасқан. Жігіттер тігін тігуді ұят көреді. Бірақ ең үлкен ұят - жұмыссыз жату. Тігіншілік - менің  сүйікті кәсібім. Мен осы кәсібім арқылы нәпақамды тауып келемін. Қазіргі таңда ұлттық киімдерге сұраныс тек мереке күндері беріледі. Тұтынушыларым көбіне той киімдеріне ал, ер адамдар сахналық костюмдерге  тапсырыс беріп жатады. Сондай-ақ, тапсырыс көбіне  жаңа жылдық киімдерге, түрлі кейіпкерлерге түседі. Сұраныс берушінің көңілінен шығатындай тауар жасау үшін сүйіспеншілікпен, өнерге деген ыстық ықыласпен жұмыс істеу қажет. Қысқа мерзім аралығында біраз тәжірибе жинасам да, үйренерім әлі де көп, - дейді тігінші азамат.

bekzat

Міне, еңбекқор жігіт осылайша, тігіншілік ер аза­маттың айналысатын шаруасы емес деген қалыптасқан пікірді жоққа шығарып отыр.

Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521