Жастайынан еңбекке баулып, өздері тапқан нанның қадірін ұғындырып, барлығының дерлік алғашқы жұмыс орны болып табылатын «Жасыл ел» жасағының жастар үшін алар орны ерекше.
Жаз мезгілінен басталған «Жасыл елдіктердің» 17-ші еңбек маусымы қыркүйек айының бітуімен аяғына жетті. Осыған орай өткен аптаның аяғында Мақат аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында қорытынды шара өтті. Шараға аудан әкімі Шәкір Кейкин мен Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов қатысты.
«Жастармен еркін кездесу мақсатында еңбек маусымының жабылуын салтанатты түрде өткізетін болып шештік. Биылғы жылы орын алған кемшіліктер немесе жұмысты тиімді қыла түсуге қатысты ой-пікірлеріңіз болса айта отырыңыздар. Біз әрқашан жастардан белсенділік күтеміз. Жасыл елдің бір бағыты көгалдандыру болса, бір бағыты тазалық екендігін естен шығармайық. Ол әкімдікке ғана керек емес, жалпыға ортақ іс. Өз артымызбен қатар айналадағыларымыздың артын жинап жүрсек ауылымызда қоқыс аз болар еді. Біздің ауданның жері сортаң болғандықтан көгалдандыру да көп күшті қажет етеді», - деді Шәкір Кейкинұлы.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Әсет Хасановтың айтуынша, биылығы жылы 1 маусым мен 30 қыркүйек аралығында «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарында аудан бойынша 196 жас жұмыс жасап үлгерген. Аудан жастары айналаны гүлдендіріп, ауылдардың көшелерін тазартуға атсалысқан. Сонымен қатар жұмыстан тыс уақыттарында мәдени және спорттық шаралардан қалыс қалмаған.
Келесі болып сөз алған Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағанбетова: «Жасыл ел» деген алдымен уақытты тиімді өткізу болса, екінші жағынан жастарымыздың тарапынан ауданымыздың көркеюіне қосылған үлес. Олардың араларында ерекше еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен көзге түскендері де бар. Биылғы жазғы маусымда белсенді жұмыс жасағандардың барлығына алғыс білдіремін» , - деді.
Жабылу салтанаты әрі қарай «Жасыл ел» сарбаздарының қатарында болған Ақерке мен Жанерке Әбітовалардың «Кездесерміз біз әлі» және Қайырбек Бисембайұлының «Айналдым елім» әнімен жалғасты.
Жастармен сұхбат бөліміне кезек келгенде алғашқы сұрақ аудан ардагерлеріне жиналатын орын керектігіне қатысты болды. Аудан әкімі қазіргі уақытта кент әкімдігінде ардагерлердің бас қосатын жері бар екендігін, бірақ олардың да тарапынан кеңдеу кабинетке сұраныс түсіп жүргендігін, әкімдіктің балансына беріліп жатырған желілік полиция ғимараты жөндеуден өтсе сол жерден ардагерлерге орын табылып қалуы мүмкін екендігін айтты.
Колледж студенті Дамира Еркінғали: «Өзімнің інім Мақат балалар және жасөспірімдер мектебінде спорт секциясына барады. Өзін бабында ұстап апта сайын рингке шығайын десе, бала көптігінен тарлық етеді. Ел аузында СМП аталатын жердегі бұрынғы «Сириус» оқу орталығының ғимаратын аудан атын шығарып жүрген спортшылар үшін қосымша зал қылып бермеске?» деп сұрады.
«Осы жастар ортылығының іргесінде салынып жатырған кроссфит кешені қазан айының аяғында пайдалануға беріледі деп отыр жауапты мекеме. «Сириус» ғимаратының Мақат балалар мен жасөспірімдер мектебіне тиесілі бөлігін жөндеп, жанындағы стадионды заман талабына сай қылу жоспарда бар», - деп жауап қайырды аудан әкімі бұл сұраққа.
Соңғы ұсыныс М.Баймұханов мектебіне ғана дейін келетін қоғамдық көлікті жастар ортылығына дейін келтіру бойынша болды. Оқушылар күз, қыс айларында сол аралықты жаяу жүру өздеріне қиын тиетіндігіне тоқталды. Бұл мәселе тұрғысынан Мақат кенті әкімі «Ауылішілк көлік маршруты тұрғындармен кеңесе, арнайы органдармен бекітілген. М.Баймұханов мектебі мен жастар орталығының арасы тым алыс емес. Жастар үшін жаяу жүрген де тиімді. Сондықтан бұл ұсыныс орынсыз деп ойлаймын» десе, Шәкір Кейкин аталған мәселені қаперіне алатындығын айтты.
Шара соңында еңбек маусымында белсенділік танытқан 6 сарбазға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
А. Есжан