Қайғылы оқиға 5 қазан күні кешкі сағат жеті шамасында Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылында болған.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті мәліметіне сәйкес, Ж. Жаскеленов көшесі, 23 үйдің шөп қорасынан өрт шыққандығы туралы хабар кешкі сағат 19.27 шамасында түскен. Жергілікті өрт сөндіру бөлімінің жұмылуымен жалын 23.07 сағатта өшірілген. Кейін шөп қораның бұрышынан үш жас баланың сүйегі табылған. Қазіргі таңда балалардың сүйегі сот-медициналық сараптамаға жөнелтілді.
Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша,
сүйегі табылған балалар 2012, 2014 жылдары туылған И. М., Н.Б., Р.С. есімді сәбилер болуы мүмкін деген болжам бар.
Себебі, 5 қазан күні 21.40 шамасында Махамбет аудандық полиция бөліміне 2012, 2014 жылы туылған балалардың ойнауға шығып кетіп, үйге оралмағандығы туралы хабар түскен. Балаларды іздеу жұмысына жергілікті полиция, Ортақшыл ауылының тұрғындары және Атырау қаласынан келген еріктілер жұмылды. Алайда, іздестіру шаралары нәтиже берген жоқ» делінген Атырау облысы полиция департаменті таратқан жедел мәліметте.