Жуырда көршілес Қырғызстан мемлекетінің Ыстықкөл жерінде ментальды арифметика бойынша халықаралық олимпиада өтті.
Ментальды арифметика – арнайы жүйе, ол жүйені қолдану арқылы балалар кез келген арифметикалық есептерді калькулятордан да бұрын өте тез ойша санай алады.
Аталмыш байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен 300 – ге тарта қатысушы қатысты. Ал Мақат ауданынан «Winderkind» орталығынан 18 оқушы бақ сынап, жүлдері орындарды иеленді.
Атап айтсақ, экранды формат бойынша жүлделі I орынды Әмірхан Тобанияз пен Лұқманхәкім Нуриахмет иеленді. Ал жүлделі II орынмен Жайнат Бейбітқызы, Данияр Орақбай, Ернар Смадияр, Ақниет Жолдыбай, Әділхан Жеңіс, Әсемай Бақтияр Батырхан Қойбағар, Мансур Нұржан марапатталды.
Сондай-ақ, үздік үштіктен көрінген Диас Бейбіт, Айшат Ғабит, Тимур Сисенбай мен Жаншырай Қадыржанқызы IIIорынды қанжығасына байлады. Жарыста көрсеткен шапшаңдығы үшін арнайы Алғыс хатпен Алмаз Эдуард марапатталды.
Ал жазбаша формат бойынша да оқ бойы оза шауып, I орынды Әмірхан Тобанияз пен Данияр Орақбай иеленсе, II орынмен Лұқманхәкім Нуриахмет пен Жайнат Бейбітқызы Нұржан марапатталды.
Сонымен қатар, III орынды Алмаз Эдуард, Диас Бейбіт, Ернар Смадияр, Тимур Сисенбай, Ақниет Жолдыбай, Әділхан Жеңіс, Әсемай Бақтияр мен Дінмұхаммед Днишев иеленді. Тартысты бәсекеде көрсеткен ынтасы үшін Айару Ғабит, Нұрмұхаммед Днишев, Мансур Нұржан, Айшат Ғабит арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Бұл ретте балаларды арифметикалық амалдарды қолданып, шапшаңдыққа үйретіп, бәйгеге қосқан «Winderkind» орталығының директор-нұсқаушысы Шынар Панабаева мен нұсқаушы Аяжан Бірлестің еңбегі зор.
Ендеше, халықаралық додаларда ой жүйріктігімен ел намысын қорғап жүрген жас математиктерге толағай табыс тілейміз!
Ж.НҰРБЕГІСҚЫЗЫ