Қазіргі таңда тұрмыстық және өндірістік қоқыс қалдықтары әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналды.
Соған сәйкес ауданымызда "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында қоқыс қалдықтарын өртеудің зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кейбір елдер мен аймақтарда қоқысты жоюдың ең оңай жолы ретінде оны жағу әдісі қолданылып келеді. Алайда қоқыс қалдықтарын жағу адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да айтарлықтай зиян келтіреді.
- Қоқыс жағу барысында атмосфераға улы газдар мен зиянды бөлшектер бөлінеді. Пластик, резеңке, синтетикалық материалдар жанған кезде диоксиндер, фурандар, көміртек тотығы және ауыр металдар ауаға таралады. Бұл заттар адамның тыныс алу жүйесіне еніп, астма, аллергия, өкпе аурулары және қатерлі ісік сияқты ауыр дерттердің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар қоқыс жағудан шыққан түтін қоршаған ортаның ластануын күшейтеді. Атмосфераға тараған улы заттар кейін жауын-шашын арқылы топырақ пен су көздеріне түседі. Нәтижесінде жердің құнарлылығы төмендеп, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне кері әсер етеді. Судың ластануы балықтардың қырылуына және ауыз судың сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін, - дейді №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Сүйсінбек Дүзелов.
Мамандар айтқандай, қоқыс қалдықтарын жағу климаттың өзгеруіне де ықпал етеді. Жану процесі кезінде парниктік газдар бөлініп, жаһандық жылыну үдерісін жеделдетеді. Бұл өз кезегінде табиғи апаттардың жиілеуіне, құрғақшылық пен су тасқындарының артуына себеп болады. Адам өмірі үшін тағы бір қауіп – қоқыс жағу орындарының тұрғын үйлерге жақын орналасуы екен. Мұндай жағдайларда балаларға, қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ерекше қауіп төнеді. Ұзақ уақыт бойы улы түтінмен тыныстау өмір сүру сапасын төмендетіп, орташа өмір сүру ұзақтығын қысқартуы мүмкін.
Қорытындылай келе, қоқыс қалдықтарын жағу – экологиялық тұрғыдан тиімсіз әрі қауіпті әдіс. Оның орнына қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу және экологиялық таза технологияларды пайдалану қажет. Тек осындай шаралар арқылы ғана адам денсаулығын сақтап, қоршаған ортаны қорғауға болады.
Ш.Хамитова



