Атырау облысы аумағында заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция 2023 жылдың 10 сәуірінен бастап өткізілуде. Осыған байланысты, егер акцияға қатысқыңыз келсе, өзіңіз тұратын жергілікті Мақа аудандық полиция бөліміне арыз-өтінішпен бірге қаруыңызды алып келуіңізге болады. Қосымша мәлімет үшін «102», 8 71 239 3-03-60 немесе 8 702 330 6600 байланыс телефондарына хабарласуға болады.
Акция бойынша автомат, аңшылық қару, тапанша, граната, мина, артиллерия оғы, жарылғыш заттар қабылданады. Тапсырылған қарулар 1-ші, 2-ші, 3-ші санат (категория) бойынша қабылданады. Бір ескерерлегі акцияға өткізбек болған қаруыңыз жарамды болуы қажет.
Қабылдау комиссиясы өз еркімен тапсырылған қару үшін жоғарыда көрсетілген санаттар бойынша ақысын төлейді. Еш жерде тіркелмеген қару мен оқ-дәріні өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Жарылып кететін не болмаса жарақаттауы мүмкін қару мен оқ-дәрілерді қозғаудың қажеті жоқ, ондай жағдайда полиция бөліміне немесе өзіңіздің учаскелік полиция инспекторыныңызға хабар беріп, құрылған комиссия өкілдері өздері барып анықтайды.
Тағы бір ескертпе, азаматтардың полиция бөліміне заңды тіркелген қарулары үшін ешқандай өтемақы төленбейді, тек қана аңшылық қаруды атуға жарамсыз болған жағдайда немесе алға қарай өзіне қажет болмаған кезде қару иесінің жазған арызына сай жоюға тапсырылады.
Д.ХАСАНОВ,
Аудандық Полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің
азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының
аға инспекторы, полиция капитаны