Күнделікті күйбең тіршілікте кейбір мамандық иелерінің еңбегін елеусіз қалдырып жатамыз.Әсіресе, қауіп- қатермен бетпе-бет келетін салаларда қызмет ететін азаматтардың жұмысы назардан тыс қалуы мүмкін. Осындай салалардың бірі – өрт сөндіруші- құтқарушылар қызметі.
Бұл саладағы мамандар – күн демей, түн демей, аптап ыстық пен сарышұнақ аязда да адам өмірі мен қауіпсіздігі үшін күресіп жүрген нағыз ерлер.
Олар үшін әрбір шақырту – оқыс жағдай, әр қоңырау – әрекетке ұмтылу. Өз басын қатерге тігіп, өзгелерге көмек қолын созатын бұл мамандық иелері – шынайы батырлар.
19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл күн 1995 жылдан бастап мемлекеттік деңгейде аталып өтіп келеді. Бұл – батырлық пен бекемдіктің, сабыр мен сергектіктің символына айналған құтқарушыларға құрмет білдіретін ерекше күн.
Олар апат айтып келмейтінін жақсы біледі. Сондықтан үнемі дайындық үстінде, тосын жағдайларда да дереу шешім қабылдап, шалт қимылдайды. Су тасқыны, өрт, жол-көлік апаты, өндірістегі төтенше оқиғалар — бәрінде де алдыңғы шепте тұратындар – осы құтқарушылар.
Құтқарушы болу – жай ғана жұмыс емес, бұл – өмір салты. Бұл қызметке тек батыл, сабырлы әрі төзімді адамдар ғана бейімделе алады. Біреулер оқиға орнынан қашса, құтқарушы сол жерге қарай жүгіреді. Бұл – жүректің ісі.
Олардың әрекетінде асығыстық жоқ, бірақ баяулық та байқалмайды. Бәрі нақты, салмақты әрі нәтижелі. Себебі бір сәттік қателік – адам тағдырына әсер етуі мүмкін.
Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүргендердің бірі - азаматтық қорғау сержанты, Доссор кентіндегі №16 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Қанат Құбайдоллаев.
Қанат Өтегенұлы 1994 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Он бір жыл бойы Х.Санбаев атындағы орта мектебінде білім алған ол жастайынан зерек болып өскен. Теміржол торабының бойында өскендіктен, бала күнінде болашақта теміржолшы болсам деген арман жетегінде жүріпті. Дегенмен, уақыт өте келе жүрек қалауы мүлде басқа жолды көрсетті. Бұл құтқарушы болу жолы еді.
«Бала күнімде теміржолшы болуды армандадым. Доссор тоғыз жолдың торабында орналасқан. Пойыздың дыбысы, қозғалысы біз үшін қызық болатын. Әкем де теміржол саласында еңбек етеді. Сондықтан бұл мамандық маған тым жақын көрінді», – дейді ол.
Теміржолшы болуды армандағанымен, уақыт өте келе өмірлік жолын құтқару қызметімен түйістірді.
«Өрт сөндіруші болу – оңай жұмыс емес. Бұл – адам өміріне тікелей жауап беретін ауыр әрі абыройлы міндет. Әр қоңырау, әр дабыл – жаңа сынақ. Қайда барсақ та, артта үмітпен күтіп отырған адамдар бар екенін ұмытпаймыз», – дейді Қанат Өтегенұлы.
Қанат Өтегенұлы өрт сөндіруші ретінде алғашқы жұмысын Атырау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бекетінде бастаған. Қалада қызмет еткен жылдары Қанат тәжірибе жинап, нағыз төтенше жағдайлармен бетпе-бет келуге дайын мықты маманға айналды. Ол кездерде күніне бірнеше рет шақырту түсіп, сәт сайын шұғыл әрекет етуге тура келетін.
«Алғашқы шын мәніндегі өрт Атырауда болды. Қызыл жалынмен бетпе-бет келдік. Сол кезде жүрек дүрсілін, бойдағы жауапкершілікті, қорқыныш пен батылдықты қатар сезіндім. Бұл сәт маған нағыз өрт сөндіруші деген мамандықтың не екенін ұғындырды», – дейді ол тебірене.
Ал Қанат Өтегенұлы 2024 жылы туған жеріне оралып, өзінің кәсіби жолын мұнайлы өлкеде жалғастыруды жөн көрді. Осылайша Мақат ауданына қарасты Доссор кентінде жаңадан ашылған №16 өрт сөндіру бекетіне жұмысқа орналасып, қызметке кірісті.
Өз еңбек жолын қарапайым өрт сөндіруші ретінде бастаған Қанат бүгінде — бөлімше командирі. Қауіп пен жауапкершілігі қатар жүретін салада табандылығы мен тиянақты жұмысының арқасында ол абыройлы қызметке қол жеткізді. Оның міндеті – жеке құраммен оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу, жаңа қызметкерлерді үйрету, нормативтерге сәйкес машықтандыру. Бұл – үлкен жауапкершілік пен ұдайы дайындықты талап ететін жұмыс.
Қанат Өтегенұлы – тек батыл құтқарушы ғана емес, сонымен қатар көп балалы әке. Қызметтен тыс уақытында барынша отбасына көңіл бөлуге тырысады. Балаларының тәрбиесіне қатысып, жақсы әке болуға тырысу – оның өміріндегі маңызды миссиялардың бірі.
«Қандай қызметте жүрсең де, бала — өміріңнің жалғасы. Уақыт тапшы болса да, балаларыммен бірге уақыт өткізуге тырысамын. Олар менің өмірімнің мәні», – дейді көп балалы әке.
Өзінен кейінгі буынға сеніммен қарайтын Қанат Құбайдоллаев болашақта осы саланы таңдауға ниетті жастарға: «Өрт сөндіруші болу – нағыз ер азаматтың ісі. Бұл мамандық елге, халыққа, адам өміріне қызмет етуді талап етеді. Жүрегіңмен таңдамасаң, бұл жолда тұрақтау қиын. Бірақ егер шын ықыласпен келсең – өмір бойы мақтанышпен атқарар мамандық осы», – деп ой қосады.
Ел амандығы үшін кірпік қақпай, қас-қағым сәтте тік тұрып әрекет ететін бұл жандар – нағыз батырлар. Жұрт тыныш ұйықтап жатқанда, олар апаттың ортасында, от пен судың арасында жүреді. Бұл – біз біле бермейтін ішкі күш пен темірдей төзімділікке сүйенген жұмыс.
Өрт сөндіру ісі – ең алдымен, жауапкершілік пен жанкештілікті, жүректе оты бар батылдық пен ерлікті талап ететін сала. Бұл қызметтің әр күні – шытырман оқиғаларға, шалт шешімдерге, тәуекелге толы.
Иә, олар – теледидардан жиі көрінбейтін, бірақ ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген адамдар. Қауіптің ортасында жүріп, қауіпсіздік орнататын құтқарушылардың еңбегі өлшеусіз.
Қанат Құбайдоллаев – бүгінгі күннің қарапайым, бірақ ерлікке толы бейнесі. Ол – қызмет пен отбасын қатар алып жүрген, ел алдындағы міндетін адал атқарып жүрген нағыз қаһарман. Міне, осындай азаматтар арқылы елімізде тыныштық пен қауіпсіздік сақталып келеді. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, өзгелердің амандығы үшін өзін қатерге тігетін бұл мамандардың еңбегі қай уақытта да құрметке лайық.
Ж.Қамза