ҚАУІПКЕ ҚАРСЫ ТҰРАР ӘМІРБЕК

ҚАУІПКЕ ҚАРСЫ ТҰРАР ӘМІРБЕК
(0 Votes)

Құтқарушы болу – жай ғана мамандық емес, ерлік пен үлкен жауапкершілікті қатар арқалау. Бұл әр сәті сынға толы, белгісіздікке бет бұрып, адам тағдырын өз өмірінен биік қоятын жандардың жолы. Құтқарушы – тек қызмет емес, бұл үнсіз ерлік деуге болады. Себебі көп жағдайда олар өз еңбегін көрсетпейді, жарнамаламайды. Бірақ та, дәл осы сала мамандары ел тыныштығын күзетіп, қауіптің ортасында жүріп, адам өмірін сақтап қалуға күш салады.

Төтенше жағдай кезінде сабыр мен батылдық танытып, өз өмірін қатерге тіге жүріп, өзгеге көмек қолын созу – бұл тек жүрегі мықты, жігері жасымаған жандардың ғана қолынан келетін іс екені сөзсіз.

Осындай жанның бірі – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әмірбек Утепқалиев. Ол кәсіби шеберлігімен де, сабырлы мінезімен де әріптестеріне үлгі. Өз ісіне деген жауапкершілігі мен ұқыптылығы арқылы талай сын сағатта сенім үдесінен шығып келеді.

Бүгінгі мерекеде дәл осындай азаматтардың ерен еңбегін бағалап, елге сіңірген қызметін атап өтетін сәт туды. Қоғам тыныштығы мен адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгіп жүрген бұл мамандар әрдайым құрметке лайық.

Әмірбек Әнуарбекұлы 1995 жылдың 14 қарашасында Атырау облысы, Мақат ауда­нында дүниеге келген. Бала күнінен әділдік пен жауапкершілікті жанына серік еткен ол білімге құштарлығын мектеп қабырғасынан байқатады.

«Алғашқы білімімді Л.Шахатов атындағы орта мектепте алдым да 2011 жылы 9-сыныпты аяқтаған соң, Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде заңгер мамандығы бой­ынша білімімді жалғастырдым. Артынша Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне түсіп, жоғары білім алып шықтым», - дейді кейіпкеріміз.

Алайда Отан алдындағы борышын өтеуді бәрінен жоғары қойған кейіпкеріміз 2014 жылы әскерге шақырылып, Семей облысы, Аягөз қаласындағы №97616 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Әскери борышын өтеген соң да білімге деген ұмтылысын тоқтатпаған құтқарушы 2018 жылы заңгер мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтап, бірден еңбек жолын бастаған.

Оның айтуынша, қызметтегі алғашқы қадамдары 2016 жылы Мақат ауданындағы №8 Өрт сөндіру бөлімінде басталған. Мұнда ол 2024 жылға дейін өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеді. Қиындық пен қауіпке толы бұл қызметтің әр күні сынаққа толы еді.

«Біз түрлі төтенше жағдайларға жедел жетуге міндетті едік. Бір оқиға есімде ерекше сақталыпты. Доссор кентінде шиттік типтегі төрт пәтерлі үй отқа оранғанда, барлығымыз дереу сол жерге аттандық. Мұндай сәттерде әрбір секунд санаулы. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларына да жиі шығатынбыз. Жағдайы ауыр науқастарды аман алып қалу үшін барымызды салатынмын. Жүргізуші ретінде ең ба­сты міндетім оқиға орнына мүмкіндігінше жылдам жету болатын», – дейді құтқарушы маман.

Иә, өрт пен апат арасында адам өміріне араша түсуді мақсат еткен маманның бұл еңбегі – нағыз ерлікпен пара-пар.

Қауіп пен қатердің бел ортасында жүріп, кәсібилігімен көзге түскен құтқарушы жылдар өте бұл салаға деген қызығушылығының арта түскенін айтады.

«Бұл жылдар мен үшін үлкен мектеп болды. Әрбір төтенше жағдай, әрбір сын сәт – тәжірибе мен шыңдалудың нақты жолы. Қауіп-қатермен бетпе-бет келген сәттерде батылдық пен шешім қабылдай білу маңызды екенін түсіндім», – дейді кейіпкеріміз.

Тек қызметімен шектелмей, өз білімін де үздіксіз жетілдіруге ден қойған Әмірбек Әнуарбекұлы 2020-2023 жылдары Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академия­сында сырттай білім алып, кәсіби біліктілігін арт­тырады.

«Жоғары білім мен жылдар бойы жинақтаған тәжірибенің арқасында 2024 жылдың шілде ай­ында Мақат аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері лауазымына тағайындалдым», – дейді ол.

Иә, қауіпсіздік жолында аянбай еңбек етіп жүрген маман бүгінде жауапкершілігі жоғары қызметте. Оның айтуынша, әрбір оқиға адам өмірімен тікелей байланысты болғандықтан, бұл салада білім мен біліктілік қатар жүруі тиіс.

Жауапкершілігі жоғары, тәуекелге толы салаға шын беріліп, оның нағыз ортасына енген кейіпкерміз бүгінде қызметімен қатар, отбасы жауапкершілігін де қатар алып жүрген азамат. Ол 2018 жылы Айдана Қараманқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.

«Қызмет пен жеке өмірді тең ұстау – әрбір ер азаматтың үлкен жетістігі. Мен үшін отбасы – тірегім, ал Отан алдындағы борышымды өтеу – азаматтық парызым», – дейді ол.

Айта кету керек, инженер лауазымы – тек есеп- қисап пен құжаттармен шектелмейтін маңызы зор қызмет. Бұл болашақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыс. Бүгінде Әмірбек аудан көлеміндегі төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру, білім беру және түсіндіру жұмыстарымен де айналы­сып келеді.

Қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп, халықтың амандығы үшін жан аямай қызмет етіп жүрген жандар – нағыз бейбіт күннің батырлары. Кейіпкеріміз Әмірбектің кәсібилігі, азаматтық жауапкершілігі мен адами қасиеті жас буынға үлгі, ұрпақ тәрбиесіне өнеге болары анық.

Г.Жұбанышқалиева

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT