Құтқарушылар – адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды мамандықтардың бірі. Бұл жандар – төтенше жағдай кезінде жанқиярлықпен әрекет етіп, бас бәйгеге өмірін тігетін бүгінгінің батырлары.
Күнделікті өмірде орын алып жатқан жалындаған өрттен, тасыған судан табиғи апаттардан құтқарып, алғашқы көмек көрсететін бірден-бір жандар – құтқарушылар. Құтқарушылар қызметі тек физикалық тұрғыда мықты болуды ғана емес, психологиялық тұрғыда да жоғары деңгейде болуды талап етеді. Әрбір тосын жағдайларға дайын болу – құтқарушылардан талап етілетін басты міндет.
Құтқарушылар мекемесінде қызмет ететін әрбір жанның атқаратын жұмысы маңызды. Осы орайда Мақат ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі №8 Өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Айнагүл Байбатырқызы жайында айтамыз.
Айнагүл Байбатырқызы 1992 жылы 23 ақпанда Атырау қаласында дүниеге келген. Алғашында Атырау қаласындағы Марат Отаралиев атындағы орта мектебінде білім алып, кейін №32 мектепке ауысып, сол жерден мектепті аяқтаған. Үлкен өмірге қадам басу жолында бастапқыда Атырау облысы «Балық және өнеркәсіп» колледжінде «Салық ісі» мамандығы бойынша білім алған Айнагүл кейіннен қазіргі мансабына қатысты Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекомуникациялық жүйелер университетін қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі мамандығы бойынша аяқтаған.
«Мен 2014 жылы бұл өңірге келін болып түстім, 2016 жылы қазір қызмет етіп жатырған Төтенше жағдайлар бөліміне орналастым. Келер жылы осы төтенше жағдайлар бөліміне кіргеніме 10 жыл толғалы отыр. Алғашында жұмыс барысына үйренісу қиынға соқты. Енді бір үйдің келіні бола тұрып, бір тәулік жұмысқа үйренісу және үлкен жауапкершілікті талап ететінін көріп үрейленгем. Уақыт өте қолымнан келетініне сеніп, жұмыс жасап кеткенмін», - дейді кейіпкеріміз.
Расында, құтқарушылардың мойнындағы міндеттің қаншалықты ауыр екенін баршамыз жақсы білеміз. Ал радиотелефоншының қызметі туралы көпшілік біле бермес. Алайда олардың атқаратын рөлі өте маңызды. Өйткені құтқару операциялары кезінде әр минут, әр секунд та бағалы. Сол сәтте дұрыс әрі жедел байланыс орнату – радиотелефоншының басты міндеті. Шапшаң әрекет радиотелефоншының кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты.
«Әр жұмыстың өзіндік ауыртпалығы болады. Біздің жұмысымыз бір тәулік бойы тосын қоңырауларға, түрлі жағдайларға дайын болуды талап етеді. Бір күні тәулік кезегім келіп жұмыста жүргенмін. Кенеттен шұғыл қоңырау келіп түсті, құтқарушы топты жедел түрде мекен- жайға жібердім. Сол қоңыраудан соң, артынша тағы қоңыраулар толастамады. Барлығына шапшаңдық пен сабырлылықпен дер кезінде жауап беріп, құтқарушы топты айтылған мекен-жайларға уақытында жеткізе алдық. Осындай жағдайлар кез келген уақытта орын алатын болған соң, төтенше жағдай бөлімінде әр дүниеге аса бір сақтықпен және жауапкершілікпен қараймын.
Жалпы, радиотелефоншы болу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.
Сондай-ақ, өз қызметінде көптеген өзіндік ерекшеліктерді меңгере білуі керек. Бір сөзбен айтқанда, радиотелефоншы құтқарушылардың көзі мен құлағы болуы тиіс», - дейді Айнагүл.
Кейіпкеріміз, радиотелефоншы ғана емес, бүтіндей бір әулиеттің үлкен келіні. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген ол – бүгінде жолдасымен 2 ұл 1 қыз тәрбиелеп отырған ата-ана.
Ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан кәсіби маман тек жұмыс пен келіндік өмірді ұстанбай, аудан ішіндегі шараларға белсене қатысып , ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталған.
Түйіндей келе , құтқарушы мамандығы – жай кәсіп емес, бұл – үлкен жүректің, таза ниеттің және ерен ерліктің жолы. Олар адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігуден тайынбайды. Төтенше жағдай кезінде дәл осы жандардың сабырлы да шешімді әрекеті адам өмірін аман алып қалады. Құтқарушылардың еңбегі – нағыз патриотизмнің көрінісі. Себебі Отанды сүю тек сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Құтқарушының әрбір қадамы, әрбір батыл шешімі – елг е д е г е н сүйіспеншіліктің айғағы. Сондықтан біз мұндай ерлер мен әйелдердің еңбегін жоғары бағалап, жас ұрпақты олардың рухына сай тәрбиелеуіміз қажет.
Б.Серік