Теміржол – аса қауіпті аймақ. Тәулік бойы жүйткіген пойыздар, бірнеше жолдарда құрастырылып жатқан құрамалар теміржол бойындағы бөгде адамдардың өміріне қауіпті.
Қарапайым жолаушы мен жұмысшылардың әр түрлі қауіпсіздік ережесі болады. Сонымен қатар, теміржолдан өткен кезде өткел арқылы немесе сақтықпен пойыз жоқ екеніне көз жеткізген соң ғана арнайы рұқсат етілген жермен жүру шарт. Теміржолда жүру қауіпсіздігін бұзу арқылы өмірімізге қауіп төндіруіміз әбден мүмкін. Ең бір ескертетін жайт, теміржол бойында ұялы телефон қолдану және құлаққап киіп жүру өте қауіпті. Келе жатқан локомотивті немесе пойызды байқамай, ауыр жарақат алып, яғни өлімге әкелетін жағдай да болуы мүмкін. Әр адамның өмірі маңызды. Сол себепті теміржол қауіпсіздігін сақтағанымыз дұрыс.
Бұл жағдайларды болдырмау үшін 2022 жылғы 10 қазандағы ГПИД/10591-и Е.Түсіповтың жедел хаты бойынша 21-ші қазаннан бастап станса басшылары, атқыштар командасы басшылары, желілік полиция органы басшыларымен бірлесіп теміржолда бөгде адамның шығуын болдырмау бойынша, стансаның қабылдап-жөнелту паркінің сұрыптау паркінің, дөңесалды паркінің тақ және жұп қылтасында рейдтік тексеріс жүргізіледі, рейдтік тексеріс кезінде бұзушылық анықталса жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.
Теміржол бойында адамдар өз қауіпсіздігін қадағалап жүрсе, қайғылы жағдай болмаған болар еді. Теміржол бойындағы жылжымалы құрамалар әр уақытта қозғалыста болатыны, жүк пойыздарын ажырату, бөлшектеу және қайта жасақтау, жүк вагондарын түсіріптиеу үшін тұйық жолдарға қою теміржол бойында бөгде адамдардың болуына қауіпті.
Бірақ соған қарамай, адамдар кез келген жерден кесіп өтуге құмар-ақ. Жалпы ереже бойынша теміржол бойында бөгде адамдардың жүруіне тыйым салынған. Осындай талаптарға мән бермеушілік қайғылы оқиғаларға әкелетіні жоғарыда айтылды. Сондықтан, ата-ана, мектеп тәртіп сақшылары, қоғам болып бұл іске атсалыспаса, қайғылы оқиғадан арылуымыз қиын. Өз өміріміздің қауіпсіздігі өз қолымызда екенін естен шығармайық, ағайын. Сақтықты санадан шығарып, өкінішке ұрынып жүрген жайттар өмір бойы өзекті өртейтінін тұрғындар естен шығармаса дейміз.
Н.ЕРМҰРАТОВ,
Мақат станциясының бас инженері
Сурет: ашық дереккөз