Тұрғындар айналаны жинауға еш әрекет етпеді

(0 Votes)

Өткен сенбіде ауданымыздың барлық елді мекендерінде көктемгі тазалық айлығының алғашқы сенбілігі өтті.

Бұл күні аудан орталығындағы С.Мұқашев көшесінің бойы, жалпы, теміржолшылар ықшам ауданы, С.Әлиев, Н.Шағырова, М.Баймұханов атындағы көше бойындағы жұмыстар қарқынды жүрді.

Мақат кентінде таңертеңгісін сағат 9.00.-де басталған жұмыс түскі 12.00-ге дейін жалғасын тапты. Қысқы қардың астында қалған қатты тұрмыстық қалдықтар әбден жиналып қалып, көше сыйқын кетіріп-ақ тұрған болатын. Сенбіліктің осы олқылықты қалпына келтіруге біраз себі тиді десе де болады.

-Бұл күні аудан бойынша 15 арнаулы техника сенбілікте көше бойына үйілген қоқыстарды тасумен айналысты. Мақат кентінде тазалық жұмыстары 13 секторда, Доссорда 15, Бәйгетөбеде 15 секторда жүзеге асты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Мақат кентіндегі теміржол бойында тазалық жұмыстары қарқынды жүрді,-деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Айжарықов.

Бұл күні тысқа барлығы 132 м3 тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Мақат кентінде айналаның тазалығына жан ашыған мекемелер аз болмады. Олардың қатарында барлық балабақшалар мен мемлекеттік мекемелер, локомотив пайдалану депосының ұжымы, ШЧ, аурухана, Мақат желілік-өндірістік басқармасы, аудандық орталық аурухана, мәдениет үйі қызметкерлері болды.

Аудандық полиция бөлімі, желілік полиция бөлімі, теміржол вокзалы, "Доссормұнайгаз" ӨБ-ы, "Қазақтелеком" АҚ-ы филиалы, "Мақатэнергожөндеу" сенбілікке қатыспады. Жеке кәсіпкерлер мен тұрғындар мекеме қызметкерлерінің аула сыпырып, тырмалап, ағаш діңін әктеп жатқанын көрсе де, сенбіліктің басталғандығынан мүлдем хабарсыздай, айналаны тазалап жинауға ешбір қарекет танытпады.

«Тазалық табалдырықтан басталады» деген бар. Тазалықты сақтауға әрқайсысымыз өз үлесімізді қосуымыз керек-ақ. Ең болмағанда, наурыз мерекесімен құттықтай келген туыстар мен меймандардан ұят-тағы.

Ауылымыз ажарлы, көшеміз көрікті болып, келген жанның көз қуанышына айналуына әрқайсысымыз атсалысайық, ағайын!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521