Халықтың рухын көтерген мереке

(0 Votes)

Еліміздегі барлық ұлт өкілдері бірге тойлайтын, еңбек пен бірлік мейрамы – Наурыз мерекесін қарсы алуға аудан халқы ұйымшылдықпен орталық алаңға жиалды. Жаңа күннің жаршысындай болған мерекелік шараға жиналғандарды құттықтаған аудан әкімі Жұмабай Қарағаев тәуелсіз ел тарихындағы орны ерекше мереке-наурыздың маңызын тарқатып, тілегін арнады.

Ақшаңқан киіз үйлер маңында ұлттық киім киген қыз-келіншектер наурыз көжесін сапырып, бадана бауырсақтарын мереке қонақтарына ұсынды. Бұл күні аудандағы мекеме-кәсіпорын ұжымдары 20-ға жуық киіз үй тігіп, ұлт пейілін танытатын дархандықпен дастархан мәзірін жайды. «Ақ мол болсын!» айтысқан халық бір-біріне берекелі жыл жетістігін тіледі.

Ұлы даланың жеті қырын танытатын жәдігерлер мен атқа міну мәдениеті, құмай тазыны үйрету, мал төлдерінің күтімі туралы көрмелер де көпшіліктіің дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастыруға үндеді. Көпұлтты мемлекетіміздегі өзге ұлт өкілдері де осы мерекеден табылып, Доссор кенті әкімдігі дайындаған арнайы киіз үйде қазақ халқының дәстүрі мен бай мәдениетіне сүйіспеншіліктерін білдірді.

Ұлттық рухымызды жанып,халқымыздың салт-дәстүрін паш етер рәсімдер мен ұлттық ойындарға орын берген жастар алтыбақан әткеншегінде тербеліп, ойын-сауықтың тамашасын қыздырса, мекеме-кәсіпорын ұжымдарының күшімен дайындалған «Қыз көктем», «Көш керуен», «Бәйшешек», «Қызғалдақ», «Жыл он екі ай», «Күн мен түннің теңелуі» сынды театрландырылған көріністері мереке қонақтарының назарын аударды.

Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен орталық алаңда қазақша күрес, арқан тарту, асық ату, кір тасын көтеруден спорттық жарыстар ұйымдастырылса, мәдени-спорттық мерекелік шарада белсенділік танытқан жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

Мерекенің шаттығын сезінген мұнайлы өңір тұрғындарының көңілдері көтеріңкі, пейілдері пәк, ықыластарынан шынайылық аңғарылып тұрды.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521