Биыл қазақ жеріне қырық жыл қасірет әкелген Семей ядролық полигонының жабылғанына 34 жыл.
Атаулы күнге орай аудан әкімі Азамат Мәмбетов әскери борышын сынақ алаңында өткізіп, полигонның зардабын жоюға атсалысқан ардагерлерге құрмет көрсетті.
Қабылдау барысында аудан әкімі Азамат Саматұлы Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні - еліміздің егемен тарихындағы маңызды бетбұрыс екендігін айтты.
“Бүкіл адамзатқа қауіп төндірген ядролық сынақтардың тоқтауы - бейбітшілікке бағытталған батыл қадам.
Сіздер осы сынақтардың зардабын көрген, тағдыр тауқыменін тартқан, бірақ, өмірге деген сенімін жоғалтпаған нағыз азаматсыздар. Денсаулықтарыңызға зиян келсе де, мемлекет пен ұрпақ болашағы үшін үнсіз төзіп, тағдыр сынына қарсы тұрғандарыңыз – шынайы ерлік.
Құрметті ардагерлер! Сіздердің өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпаққа өнеге, төзім мен отансүйгіштіктің үлгісі. Аудан жұртшылығы атынан сіздерге алғысымды білдіремін!”, - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Сонымен қатар, 29 тамыз - Семей полигонының жабылған күніне орай Семей полигонының ардагерлерін аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапаттады.
Марапат биігінен көрінгендердің қатарында Талғат Сарғалиев, Ануарбек Өтегенов, Амангелді Рахымғалиев, Сырым Бекбосынов, Рахымжан Ғабдуллин, Теңелсін Құбай, Сәкен Тоқашев, Мұрат Хасанғалиев және Жайық Тәжіғалиев бар.
Еркін жүздесу барысында полигон ардагерлері де өз ойларын ортаға салып, көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі