Сайлауға дайындық барысы пысықталды

Сайлауға дайындық барысы пысықталды
(0 Votes)

Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұмов пен Комиссия аппаратының бас консультанты Жанатқали Жакеев жұмыс сапарымен ауданға келді.

Іс-сапар барысында делегация Мақат аудандық мәслихат депутатын сайлау, №9 бірмандатты округ пен №213 учаскелік сайлау комиссиялары жұмысымен танысып, 2025 жылғы 26 қазанда өтетін сайлауға дайындық барысын пысықтады. Бұл сайлау — аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына өткізіледі.

Кездесу аясында сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері кеңінен қарастырылып, сайлау процесіне тартылған жергілікті комиссия мүшелерінің дайындығы бағаланды. Сондай-ақ, сайлау заңнамасының сақталуы, үгіт-насихат кезеңінің жүргізілу тәртібі мен дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету жолдары талқыланды.

«Жалпы еліміз бойынша сайлау өтетін 71 округ бар. Соның ішінде Атырау облысында Жылыой, Мақат және Индер аудандарында сайлау округтері құрылған. Бүгінгі іс-сапар барысында сайлау комиссияларының дайындық деңгейі мен жауапкершілікпен қарауын байқадық. Комиссия мүшелері сайлау заңнамасының талаптарына сай жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл сайлаудың әділ, ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуіне негіз болады деп сенеміз», — деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұмов.

 

Аталған іс-сапар — еліміздегі сайлау процестерінің заңдылығын, ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.

 

Ж.Қамза

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT