Желтоқсан айының 1-і мен 31-і аралығында «Жаңа жылды қарызсыз қарсы алайық!» ұранымен салық саласында рақымшылық бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Борышкер қарыздың негізгі сомасын төлесе, өсімпұлы есептен шығарылады.
Рақымшылықты түсіндіру мақсатында Мақат ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салықтық бақылау және өндіру бөлімінің мамандары мен Атырау облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы жеке сот орындаушысы Гүлнұр Қалиева жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесе Мақат кентіндегі автокөліктерді тоқтатып, мойындарында қарыз болса, мүмкіндікті пайдаланып қалуға және таныстарына айта жүруге шақырды.
Жыл басынан бері аудан тұрғындарынан 11 355 354 теңге салық өндіріліп, оның 1 563 221 тг өсімпұлы шегерілді. Аудан бойынша салықтық берешек көлемі: мүлік салығы – 266 000 тг, жер салығы - 1 451 000 тг, көлік салығы – 6 423 000 тг.
А.ЕСЖАН