Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Айжан Қарабаева, Амангелді Абдолов, Айман Өтегенова және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер аудандық орталық ауруханада болып, денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ауданның сайлауалды бағдарламасы бойынша, 2025 жылға дейін екі жедел жәрдем көлігін жаңарту, аудандағы дәрігер тапшылығын шешу, жыл сайын 8 медициналық қызметкердің біліктілігін арттыру, тұрғындарды скринингтен уақтылы өткізу секілді мәселелер жолға қойылғаны айтылды.
Өз кезегінде дәрігерлер де ой-пікірлерін ортаға салып, сайлау науқанына белсенді түрде қатысатындықтарын жеткізді.
Партия өкілдері “Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, дәрігерлерді алдағы жылы өтетін сайлауда еліміздегі беделді "Nur Otan" партиясын қолдауға шақырды.
Штаб мүшелері одан кейін Мақат локомотив пайдалану депосында болып, ұжыммен кездесті.
Тәулікпен санаспай, қозғалыс қауіпсіздігін қамтитын өндіріс қызметкерлері теміржолшылардың да өтініштеріне құлақ түру қажеттігін айтуды ұмытпады. Жалақы төлеу мәселесінде кенже қалып келетін салада әр үйдің отағасылары қызмет етеді. Нарық қыспаққа алып, жан-жақты қымбатшылық жайлаған тұста жөндеушілердің жалақысы күнкөріс деңгейіне сәйкессіздігін, жұмысшылар қатынау үшін арнайы пойыз шығару, сондай-ақ, еңбекті бағалау сынды орынды пікірлерін ортаға салды. Жайлы жағдай болса, еңбекте де нәтиже жоғары болмақ дейді теміржолшылар.
Теміржолшылар партия атынан үгіт-насихат жүргізе келген штаб мүшелеріне сәттілік тіледі.
Әрі қарай партия өкілдері Жастар ресурстық орталығына табан тіреді.
“Жастар - ұлт болашағы” тақырыбында республикалық сайлауалды штабының мүшелері және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер ауданның белсенді жастарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жастар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, орнықты ойларын ортаға салды.
Партия өкілдері жастарды жігерлендірер сөз айтып, “Nur Otan" партиясы қашанда жастардың бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Партияның аудандық сайлауалды бағдарламасында көзделген негізгі жоспарларды да бөлісе кетті.
Мәселен, “Жасыл ел” бағдарламасы арқылы жыл сайын 70 жасты көгалдандыру жұмыстарына тарту, “Бастау бизнес” бағдарламасы арқылы жыл сайын кемінде жастар үшін 5 грант бөлу, “Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту” мемлекеттік бағдарламасы арқылы жыл сайын 50 орынға жастарға жұмыс беру, сондай-ақ, “Дипломмен - ауылға” бағдарламасы арқылы жыл сайын 11 маманды ауданға тарту жұмыстарын жүргізбек.
Өздері үшін жеке дара орталық ашып бергені үшін разы көңілдерін білдірген жастар елдегі саяси науқаннан тыс қалмайтындықтарын жеткізді.
М.СЕРІКҚЫЗЫ
«Nur Otan» партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді