Ел экономикасында өзіндік орны бар Солтүстік Каспийдегі Теңіз операцияларының басталғанына 30 жыл толуына орай аудан орталығында есте қаларлық екі күндік шара өтті.
Алғашқы күні орталық алаңда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен NCOC N. V. компаниясының бірлесе ұйымдастыруымен “KASHAGAN JUDO CUP 2023” облыстық турниры ұйымдастырылды.
Шара басында аудан әкімі Ринат Ибрагимов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов және NCOC N. V. компаниясының жергілікті басқарушы органдармен және жұртшылықпен байланыс менеджері Сұңқар Құлжанов аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Балуандар бәсекесіне Атырау қаласы мен аудандардан барлығы 7 команда, 42 спортшы қатысты.
23 жасқа дейінгі жас спортшылар 66 келіден 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Әр команданың бірегей спорттық рухы мен жігерінен жеңіске деген ұмтылыстары көрініп тұрды.
Жарыс қорытындысымен қола жүлде Исатай ауданына, күміс жүлде Атырау қаласына тиді. Намысты қолдан бермеген мақаттық жігіттер бірінші орынды жеңіп алса, жүлдеге ілікпей қалған жылыойлықтар «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықпен қатар диплом, медаль және кубоктар табысталды.
Ал сенбінің кешінде мерекенің құрметіне Мақат кентінде «Мұнайлы өлкем, өркенде» атты гала-концерт өтті. Ол күні жиналған жұрттың қарасы әдеттегіден көп болды.
NCOC N.V. компаниясының өндірістік операциялар жөніндегі директоры Қуанышкерей Мұхтаров өзінің құттықтау сөзінде: «Мұнай өнеркәсібі – еліміздің экономикасының тірегі. Ал Қазақстан мұнайының тарихы осыдан 120 жылдан астам уақыт бұрын алғаш мұнай ұңғымасы ашылған Атырау облысынан басталады. Осы бір ғасырдан астам уақыт ішінде мұнай-газ саласы Қазақстанның тұрақты дамуына елеулі ықпал етіп, ел экономикасының локомотивіне айналды», - деді.
Алдымен көрермендердің көңілін аудан өнерпаздары және Атырау қаласынан шақырылған әншілер көтерді. Концерт соңына қарай кештің басты хедлайнерлері: Ақылбек Жеменей, Qanay, Qarakesek барша жиналған елдің назарын өздеріне аударды. Рухани азыққа кенелген көрермен өнерпаздарды қимай тарасты. Бұл концерт музыканың адамдарды жақындастырып, ұмытылмас естеліктер сыйлау қасиетінің көрінісі болды.
Айта кетейік, Солтүстік Каспий жобасы Қазақстан Республикасында теңіздегі мұнай-газ кен орындарын игеру бойынша алғашқы ірі жоба болып табылады. Ол Қашаған, Қайраң және Ақтоты кен орындарынан тұрады. 2016 жылы Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Қашаған теңіз кен орнында мұнайды коммерциялық өндіру басталды.
А.Жұмабекұлы