Халықаралық жастар күніне орай Доссор кентінде жергілікті мәдениет үйі ұйымдастырған концерт өтті.
Саябақта өткен мерекелік кеште жастардың шығармашылық ұжымдары өнерлерін барша жұртқа паш етті. Алдымен Жасұлан Бисембиев «Атамекен» әнімен кеш шымылдығын ашып берді. Кейін Қайырбек Бағытов «Менің досым», Жұлдыз Бекболатқызы «Қарағым-ай», Бекзат Арыстан «Жақын адам», Жасұлан Сисембаев «Көршінің қызы», Гүлнәр Арыстанқызы «Сенемін», Гүлнәр Арыстанқызы, Әйгерім Аманғали және Әсемгүл Байжановалардан тұрған трио «Айым-ай», Шакизада Қонысбаева «Let fair to the rain» және «Сен едің», Данияр Еримов «Сен мені күт» әндерін құлақ құрышын қандыра орындады. Ал Жасұлан Сисембаевтың «Мақат жастары» әнімен сазды кештің әдемі нүктесі қойылды.
Сонымен қатар Доссор мәдениет үйінің ұжымы кентіміздегі әртүрлі салада белсенді болып жүрген жастарға номинацияларды табыстады. Атап айтар болсақ,Қайырбек Бағытов «Hitman», Сағынбек Қыздарбай «Жас ұстаз», Айсұлу Урынбасарова «Regular көрермен», Жаңабек Есенбеков «№1 мобилограф», Гүлжан Бисаханова «Рекорд жүргізуші», Ербұлан Бөрібаев «Sportsman», Шакизада Қонысбаева «The best singer», «Еркем-ай» би тобының бишілері «Dance girls», Оразбек Исмагулов «Әзіл man» аталымдарына ие болды.
Тамыздың тамылжыған кешінде көптің көңілінен шыққан мерекелік шараның соңы жастарға арналған би кешімен жалғасын тапты.
А. Байшуақ